Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Үкімет логистика және туризмді қолдау шараларын жариялады

2020 жылдың 19 мамыр 2020 10:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар автобусының қызметтеріне қосылған құн салығы алынып тасталмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында еліміздің экономикасын қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Логистика және туризмді қолдау шаралары аясында әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар автобусының қызметтеріне қосылған құн салығын төлеуден босату көзделеді. Туристік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде басым туристік аумақтарда салық преференциялары берілетін болады. Бұл - корпоративтік табыс салығы, мүлік салығы және жер салығы бойынша жеңілдіктер», - деді министр.

Оның атап өтуінше, темір жол көлігімен жүктерді тасымалдауға арналған өтінімді орындамағаны үшін сақтау төлемнің 10 еселенген мөлшерін 6 айға алып тастау ұсынылады.

«Сондай-ақ, транзит кезінде контейнерлік поездарды кедендік тексеруден өткізуді жеңілдету ұсынылады. Ал импорттау кезінде тексеру соңғы станцияда бір рет жүргізілетін болады. Шектуге шараларын ескере отырып, темір жол тасымалдаушыларын субсидиялау деңгейі сақталады. Кемелер қатынасы қызметтеріне тарифтердің шекті деңгейінің қолданылу мерзімі ұзартылатын болады», - деді Руслан Дәленов.


Жоғары қарай