Ауа райы
Астана 33 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

Үкімет әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдады

2020 жылдың 30 наурыз 2020 17:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды primeminister.kz. ҚазАқпарат қаулының толық мәтінін жариялайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 28 наурыздағы №154 Қаулысы


«Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 126 қаулысына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2020 жылғы 20 наурыздағы № 126 қаулысына (2020 жылғы 21 наурызда № 56 «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген республикалық бюджетті қалыптастырудың, нақтылаудың және атқарудың ерекше тәртібінде:

4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Осы ерекше тәртіптің ережелерін қолдану арқылы республикалық бюджетті қалыптастыру, нақтылау және атқару дағдарысты жағдайлар кезеңінде жүргізіледі.

Бюджеттік инвестициялар және бюджеттік кредиттер тәсілімен қаржыландырылатын жобалар, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілері бойынша республикалық бюджетті нақтылау кезінде тиісті сараптамалар жүргізілмейді және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері негізінде нақтыланған республикалық бюджет жобасына енгізіледі.

Құрылыс қызметін көздейтін бюджеттік инвестициялық жобалардың, оның ішінде су қауіпсіздігі объектілерінің шығыстары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ірілендірілген сметалық нормалар мен бағалар жинақтары негізінде жоспарланады.

Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің басшысы және бюджеттік инвестициялар не бюджеттік кредит алатын квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшысы әлеуметтік-экономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету шараларын қабылдауға бағытталған активтер бойынша жобаларда әлеуметтік-экономикалық әсер беретін және дағдарысты жағдайлар тұрақтанғаннан кейін отандық бизнесті (оның ішінде экспортты) қолдауды, тұрақты жұмыс орындарын сақтауды (құруды) көздеуге тиіс.

Бұл ретте республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға іс-шараларды қаржыландыру жөніндегі бюджеттік өтінімдерді енгізеді.»;

6-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Негіздеуші құжаттар болмаған жағдайда бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің есеп-қисаптары бюджеттік өтінімге бюджеттік инвестициялар және бюджеттік кредиттер арқылы қаржыландырылатын, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жобаларын енгізу үшін негіз болып табылады.»;

мынадай мазмұндағы 14, 15, 16, 17 және 18-тармақтармен толықтырылсын:

«14. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының қарыз алуы республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алу және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң тапшылығын қаржыландыру үшiн iшкi нарықта айналысқа жiберуге мемлекеттiк бағалы қағаздар шығаруы түрiнде, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін, Жұмыспен қамту жол картасының шеңберіндегі шараларды қаржыландыру үшін iшкi нарықта айналысқа жiберуге мемлекеттiк бағалы қағаздар шығаруы түрiнде жүзеге асырылады.

15. Жұмыспен қамту жол картасының төтенше жағдай қолданылатын кезеңде айқындалған іс-шараларын қаржыландыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алу және жергілікті атқарушы органдардың борыш лимитін белгілемей, ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығару түрінде жүзеге асырылады.

Жұмыспен қамту жол картасының төтенше жағдай қолданылатын кезеңде айқындалған іс-шараларын қаржыландыру үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруының шарттарын, көлемін және нысаналы мақсатын жергілікті атқарушы органдар дербес айқындайды.

16. Қазақстан Республикасының Президенті төтенше немесе соғыс жағдайын енгізген кезде жергілікті атқарушы органдар қажет болған жағдайда резервтің жалпы көлемін трансферттер мен қарыздарды есепке алмай, тиісті жергілікті бюджет түсімдері көлемінің он процентіне дейін ұлғайтуы мүмкін.

Жергілікті атқарушы органдар резервінің бюджеттік бағдарламасына жергілікті бюджет қаражатын бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне бөлінген жалпы көлемнің он процентінен аспайтын көлемде қайта бөлу жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен бекітілген бюджеттік бағдарламалардың тізбесі мен көлеміне сәйкес бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджетті түзету арқылы жүзеге асырылады.

17. Өткен қаржы жылында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке тартылған пайдаланылмаған қаражат қайтаруға жатпайды және төтенше жағдай кезінде бюджетті нақтылау арқылы пайдаланылуы мүмкін.

18. Төтенше жағдай енгізілген кезде жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі қандай да бір өңірдің өзіндік ерекшелігіне байланысты нысаналы трасферттерді төменгі бюджеттен жоғарғы бюджетке қайтару арқылы қайта қаралуы мүмкін.».

2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Мамин


Жоғары қарай