Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

UFC-де өнер көрсеткен тұңғыш қазақ: Көзінде оты бар қайсар  жастарды жаныма тартып жатырмын

2020 жылдың 18 қыркүйек 2020 09:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысы Күнес ауданында туған Жұмабек Тұрсынұлы — ережесіз жекпе-жектен әлемнің ең беделді спорт ұйымында (UFC) көрсеткен тұңғыш қазақ жігіті. Ол ережесіз жекпе-жектен әлемнің 2 дүркін чемпионы, Азияның 1 дүркін чемпионы. Қытай елі «Айбарлы жолбарыс» атаған Жұмабек осыған дейін 56 жекпе-жек өткізіп, 46 кездесуде жеңіске жеткен екен. Миллиард халықтың ішінен топ жарып, қазақ жұдырығын әлемге мойындатқан жекпе-жек шеберімен аз-кем әңгіме құрудың сәті түскен еді.

- Жұмабек Тұрсынұлы, Қазақстанға келгеніңе бірнеше жыл болып қалды. Бүгінгі өмірің туралы айтып берсең?

-Иә, атамекенге келіп орнығып, орналасып алғалы біраз уақыт болып қалды. Құжат жұмыстарым бәрі бітті. Енді, мінеки, қазақ елінің азаматымын! Қазір Алматыда тұрып жатырмын. Күнделікті жаттығумен және бапкерлікпен айналысып жүрмін.

- Қандай бапкерлік? Жеке клуб ашқан ба едіңіз?

- Иә, бір ағамызбен бірге жеке клуб құрған едік. Шәкірт тәрбиелеп, жаттығуға 50-ден аса бала қатысып жатыр еді, мына карантин жағдайына байланысты жұмысымызды кейінге қалдырып отырмыз. Көзінде оты бар мықты жастарды жаныма тартып жатырмын. Жоспарымыз көп. Жастарды қазірден шетелге өзіммен бірге ертіп шығып, үлкен жарыстарға бірге алып жүрсем деймін. Бұл жастар үшін керек, олар шетелде жекпе-жекке қатысса, өз деңгейін біледі, көз аясы ашылады. Бұйырса алдағы уақытта біраз баланы өзіммен бірге Таиландқа жаттығуға да алып кетемін.

- Қытай елінің азаматы едің. Қазақстан атынан жекпе-жекке шыққан кезің болды ма?

- Иә, осыдан бір жыл бұрын Қытайдың Бейжің қаласында өткен «Kunlun Fight» ММА кешінде Қазақстан атынан өнер көрсеттім. Өкінішке қарай, ол алаңда сәттілік жетіспеді. Дегенмен, жеңістің, жаттықтырып жүрген жастардың жеңісінің бәрі алда деп ойлаймын.

- Бүгінге дейін қанша кездесу өткіздің? Өзің үшін ең ауыр болған жекпе-жек туралы айтып берсең?

- Осыған дейін 56 жекпе-жек өткіздім. 46 кездесуде жеңіске жетіп, 10 кездесуде ұтылдым. Мен үшін ең ауыр болғаны UFC промоушендегі 3-інші жекпе-жегім. Онда Конор МакГрегордың қарсыласы болған америкалық спортшымен кездескен едім. Тиісті салмақтан өтпей, салмақты көп түсіруге тура келді. Соның салдарынан бойымдағы су құрам азайып кетті. Салмақ қуалап біраз уақыт бойы шаршаған едім, ол ресми өлшеуден кейін демалыс уақыты да қысқа болды. Осы дұрыс болмады деп ойлаймын. Мүлде ашыла алмадым, өте ауыр кездесу болды мен үшін.





- Өзіңнің келесі жекпе-жегіңді қашан көре аламыз? Әлде тек жастарды жаттықтыруға кеттің бе?

- Жоқ, өзім де шаршы алаңға шығып тұрамын. Алла бұйырса алдағы желтоқсан айында кездесу өткіземін деген жоспарым бар. Негізгі келсімге қол қойып болдық. Еліміздің Алматы қаласында Fight Nights промоушені аясында үлкен жекпе-жек өтеді. Осыған дайындықты бастадық. Сол үшін қазан айында Таиландқа жол жүруді жоспарлап отырмын. Бізге қысқа қарай ыстық жерде жаттығу тиімді болады. Салмақ түсіруге де, жаттығудың бәріне де жақсы.





- Қарсыласың кім, ол туралы білесің бе?

- Қазірге қарсыласым нақты белгісіз. Қандай спортшы келсе де жекпе-жекке дайынмын.

- UFC промоушенінде қазақтар арасынан алғашқы болып келісімшартқа отырып, өнер көрсеткен едің. Сенен кейін қазақ жігіттерінен UFC-ға кімдер барды? Қазіргі қадамдары қалай?

- Менен кейін Шавкат Рахмонов, Жалғас Жұмағұлов, Дамир Исмағұлов бауырларымыз UFC-мен келісімшартқа отырды. Жалпы, барлығының қадамы жаман емес. Барлығы да болашағынан үміт күттіретін жастар.





- Өзің туып өскен Қытайдағы қазақ жастары арасында соңыңнан ерген шәкірттерің бар ма?

- Қытайда спортта жүрген қазақ жігіттері көп. Ережесіз жекпе-жекте де соңымнан ерген шәкірттерім біраз болды. Өздеріңізге таныс Ғабит Тұрғанбек деген жігіт бар, ол да қазір Алматыда тұрады. Бұйырса келесі кездесуіне дайындалып жатыр. Жалпы, қазір де Қытайдың Бейжің, Шанхай секілді үлкен қалаларында жаттығып жүрген жастар көп. Ербол, Сайран есімді жігіттердің болашағынан үлкен үміт күтуге болады деп ойлаймын. Олар қазақтың атын әлемге әйгілей алады.

- Спорттан басқа қандай қызығушылығың бар?

- «Ер қанаты - ат» дейді ғой, менің ең қызығатыным жылқы. Көкпарға шапқанды жақсы көремін. Өзімнің бәйге аттарым бар. Ат баптап бәйгеге қосамын. Атқұмарлықпен жылқы соңынан жүргеніме де 10 жылдай болып қалды. Әр-сенбі, жексенбі ат үстіндемін десем өтірік емес. Арғы бетте жүргенде де біраз жүйріктерім болды, талай байгені қанжығаға байлағанбыз ол жақта.





- Бәрекелді! Алматыдағы жүйріктерің ше, жүлде сыйлады ма?

- Қазір Алматыда «Қабылан» атты тайым бар. Жамбыл облысында өткен жарыста бір рет 1 орын, тағы бір жарыста 3 орын алды. «Ханшайым» атты тағы бір жүйрігім бар, олда нағыз қаны таза тұқым. Қазір ат бапкерлері дайындап жатыр, бұйырса қызығын күзден бастап көремін деп, өзім де тағатсызданып отырмын.

- Жеке өміріңде жұдырыққа жүгініп көрдің бе?

- Ондай сәт тіпті есімде жоқ.Мүмкін көшеде студент кезде төбелескен шығармын. Былайғы өмірде жеке тірлігім үшін жұдырыққа жүгініп көрген емеспін. Бұны кәсіби спортшыға жат қылық деп санаймын. Қандай бір шаруаны ақылмен, сабырмен шешуге тырсамын. Кез келген жағдайда сабыр сақтай білемін. Біреумен ерегесіп қалсам да жұдырық жұмсамаймын. Өйткені өз соққымның қаншалықты ауыр екенін білемін, өліп кетуі мүмкін. Жалпы, спортшылардың, әсіресе жекпе-жек өнерінде жүргендердің қарапайым адамдарға қол көтеруіне мүлдем болмайды. Кезінде би кешінде жүріп, біреумен ерегесіп қалып, бір тепкімен-ақ адамды өлтіріп алған досым болған еді. Сондай мысалдың бәрі спортшы үшін үлкен сабақ. «Ашу дұшпан, ақыл дос» деген сол болар. Ойламай жұмсалған жұдырық, өмірлік өкінішке апаруы мүмкін.

- Қазақстанның ережесіз жекпе-жектің әлемдік аренадағы орны қалай деп айтар едің?

- Әрине, біздің жекпе-жек әлемде алдыңғы қатарда тұр деп айта алмаймын. Десе де, соңғы жылдары спорттың осы түрінен қазақ жастары көптеп шығып, өзіне назар аудартып, әлемдік айтулы компанияларда өнер көрсетіп жүр. Бір өкініштісі жастарды демеу, қолдау жағынан қаржыландыру жеткіліксіз. Қазақстанда өзіне тән «Kunlun Fight», Fight Nights секілді әлемдік мықтыларды шақырып жарыс өткізетін промоушендер жұмыс істесе екен деймін. Оған біздің елдің мүмкіндігі де жетер еді.





- Спорттық мансабыңды әлі біраз жыл жалғастыруға мүмкіндігің бар шығар?

- Әрине, үлкен жарақаттан аман болсам, қазірге шаршы алаңнан кету ойымда жоқ. Әлі де 4-5 жыл жекпе-жекке шығуға мүмкіндігім бар. 40 жасында чемпион болып жатқан спортшыларды көріп жүрміз, олармен салыстырғанда әлі де жаспыз.

Сұхбатыңа көп рақмет! Алдағы жарыстарыңа сәттілік тілеймін! Өзің тәрбиелеп жатқан шакірттерің өзіңнен биік деңгейде өнер көрсететін мықты сайыпқыран болсын!


Автор Ризабек Нүсіпбекұлы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай