Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

UEFA Чемпиондар лигасы: «Ливерпуль» үшінші ойын қатарынан жеңіске жетті

2021 жылдың 20 қазан 2021 03:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің үшінші туры басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Алғашқы ойын күнінде жанкүйерлер В тобындағы «Атлетико Мадрид» (Испания) және «Ливерпуль» (Англия) кездесуіне көз тікті. Бұған дейін өткен екі турда ағылшындар ұпай жоғалтпай көш бастаса, испаниялық клуб бір жеңіс және бір тең ойынмен екінші орында тұр.

Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. «Ливерпуль» жартылай қорғаушысы Мохамед Салах 8-минутта есеп ашса, 13-минутта Наби Кейта есепті ұлғайта түсті. Бұдан кейін «Атлетико Мадрид» сапынан Антуан Гризманн - 20, 34-минуттарда қос голдың авторы атанып, таразы басы теңесті. Оған төреші дөрекі ойнағаны үшін 52-минутта бірден қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Қалған уақытта испаниялық команда осылайша бір ойыншыға кем құрамда ойнауға мәжбүр болды. Ойынның 78-минутында Мохамед Салах қарсыластар қақпасына белгіленген пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Кездесуде «Ливерпуль» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Осылайша үшінші ойын қатарынан жеңіске жетті.

Сондай-ақ, аталған топта «Порту» (Португалия) «Милан» (Италия) командасын 1:0 есебімен сүріндірді.

Өзге топтардағы ойын нәтижелері төмендегіше:

А тобы: «Пари Сен-Жермен» (Франция) - «Лейпциг» (Германия) 3:2

«Брюгге» (Бельгия) - «Манчестер Сити» (Англия) 1:5

С тобы: «Бешикташ» (Түркия) - «Спортинг Лиссабон» (Португалия) 1:4

«Аякс» (Голландия) - «Боруссия Дортмунд» (Германия) 4:0

D тобы: «Интер Милан» (Италия) - «Шериф» (Молдова) 3:1

«Шахтер Донецк» (Украина) - «Реал Мадрид» (Испания) 0:5

Енді екінші ойын күнінде E, F, G, H топтарында кездесулер болады.




Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Футбол, Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай