Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша бірыңғай платформа құрылады

2020 жылдың 25 қыркүйек 2020 12:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша бірыңғай платформа құрылады. Бірыңғай жүйе тұтынушыларға кері байланыс жасауға мүмкіндік береді. Бұл туралы AntikorLive бағдарламасында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен бұл министрлікке келгеніме 2 ай болды. Министрлік стратегиясының цифрлық тұжырымдамасын бекіттік. Жобалық кеңсе құрып, топ мүшелеріне жобаларды басқару бойынша әдістерді үйреттік. Біздің жобалар бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: ішкі сауда, техникалық реттеу және тұтынушылар құқығын қорғау. Әр бағыт бойынша жекелей жобалар қолға алынды. Мысалы, кейбір тұтынушы алған тауарын дүкенге 14 күн ішінде қайтарып беруге құқылы екенін білмейді. Қазіргі уақытта осы бағыт бойынша бірыңғай платформа құрып жатырмыз. Бұл платформа арқылы азамат арыз-шағымын жазып, ол бойынша мемлекеттік органдар жұмыс істейтін болады. Бірыңғай жүйе тұтынушыларға кері байланыс жасауға мүмкіндік береді. Қазан айында пилоттық жоба жүзеге асырылады. Оның нәтижесін жыл соңына дейін көретін боламыз», - дейді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова.

Ол бұл жобаның кәсіпкерлер үшін қандай пайдасы бар екенін айтты.

«Тұтынушылардың арыз-шағымынан кейін кәсіпкерлер қызмет көрсету сапасын арттырады. Мысалы, сауда үйінің иесі ол жерде не болып жатқанын толық бақылауда ұстай алмауы мүмкін. Енді халықпен кері байланыс арқылы не болып жатқанын, заң бойынша қалай әрекет жасау керектігін түсінетін болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын жақсартады», - дейді ол.


Жоғары қарай