Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -13 °С
валюта бағамы
USD 376.51
EUR 418.91
RUB 6.13
CNY 54.90

Түрме аумағындағы «сақалды құрылыс»: ШҚО-да ауыл қазандығы іске қосылды

2019 жылдың 2 қазан 2019 23:56

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Жарма ауданына жұмыс сапарымен барды. Онда Шуақ ауылындағы ОВ-156/18 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өндірістік аумағында жүргізіліп жатқан жылу қазандығының құрылысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салсақ, жылу қазандығының құрылысы 2011 жылдың мамыр айында басталған. Жоспарға сәйкес нысан 2013 жылы қолданысқа берілуі тиіс еді. Алайда, жобаны іске қосу жұмыстары барысында қиындықтар туындаған. Бұдан бөлек, 2016 жылы жобаның бас құрылыс мердігері болып тағайындалған «Құрылыс-монтаж кәсіпорыны – Алматы» ЖШС банкротқа ұшырады. Жалпы айтқанда, құрылыс-монтаж жұмыстары 71 пайызға орындалған. Осы күнге дейін ауыл тұрғындары 1965 жылы салынған ескі қазандықты пайдаланып отыр. Қазандық мазутпен жұмыс істейді. Даниал Ахметовтің айтуынша, соның салдарынан айтарлықтай қаржы шығындалып отырған. Жылу қазандығының эксплуатациясына жыл сайын 500 миллион теңге жұмсалған. Соған қарамастан, үйлердегі жылу талапқа сәйкес келмеген.

Семей ақпараттық орталығынан мәлім еткендей, ағымдағы жыл басында комиссия құрылып, құрылысы бітпеген нысанда техникалық зерттеу жүргізілген. Сөйтіп, шілде айында бұл жұмысқа «АзияЭнергоПроектМонтаж» ЖШС жаңа мердігер болып тағайындалды.

Компания түзетулер енгізіп, жобадағы қателерді жөндеп, жылу қазандығының құрылысын аяқтады. Қазір нысанды іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

«Бірнеше күннен кейін жаңа жылу қазандығы қолданысқа беріледі. Осылайша, қаншама жылдан бері тұрғындарды алаңдатып келген мәселе шешімін тапты. 10 қазаннан бастап ауылдағы барлық үйге жылу беріледі», - деді Даниал Ахметов.




Айта кетейік, Шуақ кентінде 500-ге жуық отбасы тұрады. Онда көпқабатты 9 үй бар. Қылмыстық-түзеу мекемесінде ұлттық гвардияшыларды қосқанда 550 адам жұмыс істейді.







Жоғары қарай