Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Түркияның Елшілігі Қазақстанмен арадағы әуе қатынасының неліктен тоқтатылғанын түсіндірді

2020 жылдың 7 тамыз 2020 20:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы Түркияның Елшілігі Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасының екі аптаға тоқтатылу себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек бұған дейін Түркия мен Қазақстан арасындағы әуе қатынасы екі аптаға тоқтатылатыны хабарланған болатын. Бұл туралы Түрік тарапы Air Astana компаниясының жолаушылар ұшағы Анадолы еліне ұшқалы жатқан кезінде телефонмен хабарлады. Бір сағаттан кейін әуе қатынасын жасауға тыйым салатын ресми құжат жіберді. Дегенмен, Алматы-Ыстанбұл-Алматы рейсін аяқтауға бір жолға рұқсат берілді. Сөйтіп, жоспарлы уақыттан екі сағатқа кешіккен 101 жолаушы Ыстанбұлға аттанды.

Қазақстандағы Түркияның Елшілігі бұл жаңалыққа қатысты бүгін хабарлама таратты. Елшіліктің хабарлауынша Түркия коронавирус пандемиясымен күрес аясында бауырлас Қазақстанның қабылдаған шараларын жоғары бағалайды. Басынан бастап Қазақстаның пандемиямен күрес жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсетіп келеді.

«Осы уақытқа дейін Түркиядан Қазақстанға екі рет ресми деңгейде ауқымды медициналық материалдар мен дәрілік заттар түрінде көмек жеткізілді. Бірқатар түрік компаниялары да Қазақстанға көмек жіберді. Бүкіл әлемде коронавирус індеті денсаулыққа төндіріп тұрған қауіп-қатер аясында елдер халықаралық сапарларға бірқатар шектеу қоюы мүмкін. Осыған байланысты өткен кезеңде Түркия да көптеген елдермен жолаушылар тасымалын уақытша тоқтатқан болатын. Дегенмен Қазақстан Түркияның халықаралық әуе қатынасын қайта бастаған санаулы елдердің бірі болды», - деп хабарлайды Елшіліктен.

Хабарланып отырғандай, бұл жолы мәселеге қатысты жасалған бағалау аясында Түркия 2020 жылдың 5 тамызында бірқатар елдермен, соның ішінде Қазақстанмен халықаралық әуе компаниялардың жолаушылар рейстерін орындауды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.

«Бұл шешім Түркия мен Қазақстан арасында жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын барлық әуе компанияларды қамтиды. Шешім қабылданғаннан кейін 2020 жылғы 5 және 6 тамыз күндерінде жоспарланған соңғы өзара рейстер қажетті рұқсаттармен орындалды. Әуе рейстерін қайта бастау туралы мәселені пандемия ағымын және елдердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, тиісті органдар алдағы кезеңде қарайтын болады. Түркия осы күнге дейін болғандай әрдайым дос және бауырлас Қазақстан халқының жанынан табылады», - делінген хабарламада.


Жоғары қарай