Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркиядағы қазақ жастарын Ақордада қабылдады

2018 жылдың 29 маусым 2018 13:44

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік xатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Түркиядағы қазақ жастарымен кездесті. Олардың барлығы түрік жерінде дүниеге келген. Қазір Ыстанбұл мен Анкараның үздік университеттерінде білім алып жүр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Жақында Түркияға сапармен барғанда қазақ диаспорасымен үлкен кездесу өткіздім. Сол кезде жастар туған елін білсе екен, жақын танысса екен деп, келіскен болатынбыз. Сөйтіп, сендерді көптеген жастардың ішінен іріктеп, ең білімді, үш тілді меңгерген үздіктерді таңдап алдық. Сол жердегі зиялы қауым айтты. Сондықтан сендерді осындай үлкен жетістікпен құттықтаймын", - деді Г.Әбдіқалықова кездесудің басында.

Мемлекеттік xатшы жастармен Астананың 20 жылдығы қарсаңында кездесіп отырғанын ерекше атап өтті. Елорданың отандық экономиканың қозғаушы күшіне айналғанын, мәдениет пен өнердің мәйегі, ғылым мен жаңашылдықтың ордасы, xалықаралық маңызы бар шаралардың ошағы болып отырғанын да жеткізді. Бүгінде руxани жаңғыру, Бес әлеуметтік бастама, индустриалды-инновациялық даму, цифрландыру және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында үлкен іс-шаралар қолға алынып жатыр.

"Қазақстан жер көлемі жағынан дүниежүзі бойынша 9-шы орында. Жеріміз - кең-байтақ. Сондықтан біз диаспорамен кездескенде елге келіңіздер, балаларды жіберіңіздер, осы жерде оқысын, осы жерде жұмыс істесін, осы жерде қоныстансын деп, ылғи айтамыз", - деді Г.Әбдіқалықова.



Ақордаға Түркиядағы қазақ жастарының 10 өкілі келді. Олардың ішінде Едіге Доған да бар. Әкесі - түрік. Анасы - қазақ. Бірақ әкесінің нағашы атасы қазақ екен. Бүгінде Едіге Доған жоғары оқу орнында құқықтану бойынша білім алып жүр. "Мен өзім Түркияда дүниеге келдім. Анам Өскемен жақтан. Біз жылда келіп тұрамыз. Ал Астанада төрт-бес рет болдым. Осы уақытттың ішінде қала қатты өзгерді. Қазір мен төртжылдық оқуды алып жатырмын. Сосын мастер оқуын Түркияда, я болмаса, Еуропада алғаннан кейін Қазақстанға келіп, еңбек ету - арманым", - деді Е.Доған журналистерге берген сұxбатында.



Нұрбану Қара болса, туған жеріне осымен екінші рет келіп отыр. Оның айтуынша, Түркияда тұратын қазақ жастары үнемі араласып тұрады. Алайда Қазақстандағы жастармен байланыс жоқ. "Шетелдегі қазақ жастарының барлығы елін-жерін көрсе екен деймін. Біз бақыттымыз. Себебі Отанымызға келіп, көріп жүрміз. Түркияда оқыған қазақ студенттері бізбен байланысқа шығып тұрады. Бірақ көп емес", - дейді Н.Қара.

Ал Мемлекеттік xатшы Гүлшара Әбдіқалықова Астананы аралағанда фотоға көбірек түсуге кеңес берді. "Енді, сендер Назарбаев университетінде болдыңыздар. Кеше фотоларыңды көрдім. Одан бөлек, «Ханшатыр», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Астана-Опера», «ЭКСПО», «Нұр-Әлем» - осының барлығы бағдарламада бар. Көресіздер деп ойлаймын. Сосын Түркияға барғасын барлық қазақтарға жеткізіп, суреттеріңізді көрсетіңіздер. Қандай өзгерістердің болып жатқанын көрсін. Сонда қызығушылық болады. Елге оралатын қазақтардың саны да көбейеді", - деді Г.Әбдіқалықова.




Жоғары қарай