Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркияда күзетшілерден таяқ жеген қазақ қызы: Ыстанбұлдағы бас консулдық түсінік берді

2021 жылдың 30 қазан 2021 13:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркияда дәмхананың күзетшілерімен келіспей қалып, салдарынан таяқ жеген қазақстандық Ұлбосын Малғаждарованың жағдайы мен сот ісіне қатысты түсініктеме берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, Түркиядағы отандасымыз елге оралардан бір апта бұрын құрбыларымен дәмханаға барып, сол жердің күзетшілерімен келіспей қалған.

Арты төбелеске ұласып 33 жастағы қазақстандық келіншек күзетшінің қолын тістеп алғандығы айтылды.

Күзетшілер әйелді соққыға жығып, оны полицияға ұстатып жіберген.

Таяуда жерлесіміздің Қазақстандағы туыстары «оқиғаның болғанына 3 ай өтті, бауырымыздан ешқандай хабар жоқ» деп дабыл қақты.

Осы орайда еліміздің Ыстанбұлдағы бас консулдығы аталған оқиғаға түсінік берді.

«2021 жылы 11 шілдеде Ыстанбұл қаласының түнгі клубтарының бірінде қазақстандық үш азаматшаның қатысуымен оқиға орын алған болатын. Түнгі клуб күзетшілері мен азаматшалар арасында туындаған түсініспеушілік қол көтеруге дейін жеткен. Күзетшілердің соққысынан қорғанған ҚР азаматшасы Ұлбосын Малғаждарова күзетшілердің бірінің саусағын тістеп алған. Дене жарақатын келтіргені үшін полиция Ұ. Малғаждарованы қамауға алды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ресми ақпаратта болған оқиғаға қатысты Қазақстанның Түркиядағы өкілдігіне хабар түспегендігі айтылады.

«ҚР Түркиядағы елшілігі мен Ыстанбұлдағы Бас консулдығы болған оқиғаны өз күшімен анықтап, тиісті қолдау көрсету шараларын қолға алды. Мәселені шешу мақсатында Түркияның тиісті органдарымен байланыс орнатылды. Түркияның Сыртқы істер министрлігі өкілдерімен арнайы кездесу өткізіліп, мәселенің тез әрі әділетті шешілуі сұралды. Бас консулдық қызметкерлері Ұ.Малғаждарованың жағдайын білу үшін уақытша ұстау изоляторына барып, онымен кездесті. Сондай-ақ, оның адвокатымен бірнеше рет кездесу өткізіп, тұрақты түрде телефон арқылы ақпарат алып, азаматшамыздың жағдайы мен соттағы іске қатысты туыстары хабардар етілді. Осы орайда Ұлбосын Малғаждарованың туыстары оның жағдайы туралы білмейді деген ақпарат шындыққа жанаспайды», - дейді ведомстводан.

Одан бөлек, хабарламада бүгінде отандасымыз уақытша ұстау изоляторынан шыққаны көрсетілген.

«26 қазанда Ұ. Малғаждарованың ісі бойынша өткен сот отырысына Бас консулдық қызметкерлері қатысты. Сот шешіміне сәйкес отандасымыз сот ісі аяқталғанға дейін Түркиядан шықпау шартымен изолятордан босатылды. Аталған іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда. Түркия азаматтарының үстінен қарсы шағым түсірілген. Бас консулдық Ұ. Малғаждарованың сот ісі аяқталғанға дейін бақылауда ұстап, қолғабыс көрсетуді жалғастырады», - деген түсініктеме берілді.


Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Оқиға, Түркия, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай