Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркияда хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жігіт табылды

2021 жылдың 31 қазан 2021 14:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркиядан елге қайтуы тиіс отандасымыз белгісіз себеппен хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Жедел іздестіру шарасының нәтижесінде араға бірнеше күн салып қазақстандық азамат табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық азаматтың жоғалуы мен табылуына қатысты хабарды еліміздің Ыстанбұлдағы Бас консулдығы таратып отыр.

«2021 жылғы 25 қазанда Қазақстанға қайтуы тиіс болған Әділет Кеңесхан атты ҚР азаматы белгісіз себептермен рейсін өткізіп алған. Ата-анасымен байланысқа шыққанда өзінің қайда жүргенін айта алмай, сөйлеу мәнерінде өзгерістер болған. Соңғы рет жақындарымен 28 қазанда хабарласып, содан бері байланыс үзіліп қалған. Сол күні Қазақстанның Ыстанбұлдағы бас консулдығына аталған азаматты танитын кісілер хабарласқаннан кейін, Ә. Кеңесханның туыстарымен дереу байланыс орнатылды. Анасының баласын іздестіру туралы өтініш білдіруіне байланысты шұғыл түрде Түркия Сыртқы істер министрлігіне іздеу салу туралы нота жолданды», - деп хабарлайды консулдықтан.

Сондай-ақ, Түркияның құқық қорғау органдарына азаматқа іздеу салу туралы өтініш берілген.

«Одан бөлек, белсенді азаматтардың бастауымен әлеуметтік желілерде іздестіру науқаны жүргізілді. Нәтижесінде 30 қазанда азаматтың Қожаелі провинциясы полиция бөлімдерінің бірінде отырғаны анықталды. Қазақстаннан келген анасы 30 қазанда Ә. Кеңесханды сол жерден алып, бүгінде елге оралуға дайындалып жатыр», - делінген ресми хабарламада.

Осы орайда Қазақстанның Ыстанбұлдағы бас консулдығы соңғы уақытта азаматтарымыздың түрлі келеңсіз жағдайларға жиі тап болып жүргенін айта келе, қазақстандықтардың шетелде жүргенде сақ болуын сұрайды.


Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Оқиға, Түркия, ҚР СІМ,
Жоғары қарай