Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістандық ерлі-зайыпты браконьерлік үшін 6 жылға сотталды

2021 жылдың 30 маусым 2021 13:09

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында Шардара су қоймасында браконьерлікпен айналысқан ерлі-зайыпты және жергілікті екі тұрғын 6 және 7 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен жылдың жазында жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыстық Полиция департаментінің жедел уәкілдері Шардара су қоймасында бірнеше жыл браконьерлікпен айналысып келген қылмыстық топты ұстаған болатын. Күдіктілерден 13 қайық пен балық аулау құралдары, екі тоннаға жуық жаңа ауланған және ысталған балық тәркіленді. Мемлекетке келтірілген материалдық шығын 8 миллион теңгеден асты.

Бұл жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 335-бабы («Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу») және ҚР ҚК-нің 380-бабы («Билік өкіліне қатысты күш қолдану») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркеді.

«Үш күдікті ер адамды бірден сот қамауға алды, ал қалған 7-еуі «ешқайда кетпеу» туралы қолхатпен босатылды», - деді аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші Алтынай Жолымбекова.

Тергеушіге сыраптамалардың толық кешенін өткізуге 3 айдан астам уақыт қажет болған. Нәтижесінде 10 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс 23 томды, оның ішінде 4 мың парақты құрады.

Айыптау ісі 2020 жылдың қараша айында сотқа жіберілді. Сот 7 айдан кейін өз шешімін шығарды. Оған сәйкес, Жетісай ауданының тұрғындары 44 және 42 жастағы ерлі-зайыпты мен 51 жастағы әйел – 6 жылға, 32 жастағы ер адам 7 жылға сотталды.

«Әйелдерге қатысты бостандығынан айыру үкімі олардың кәмелетке толмаған балалары 14 жасқа келгеннен кейін күшіне енеді.

Ал браконьерлердің қылмыстық тобының қалған мүшелері ҚР ҚК-нің 65-бабына сәйкес келтірілген залалды өтеу және кінәні мойындауы, шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды», - деп атап өтті аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, полиция майоры Алтынай Жолымбекова.


Жоғары қарай