Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістанды дамыту арқылы түркі әлемінің ынтымағын нығайтамыз - Йалчын Топчу

2021 жылдың 16 сәуір 2021 17:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркия Президентінің бас кеңесшісі Йалчын Топчу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа түбі бір елдердің ынтымағын нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«31 наурызда ТМЫК-тың бейресми саммиті өтті. Біз онда түркі халықтарының бірлігі жөнінде мәселе көтердік. Барлық түркі тілдес халықтар және түркі әлемі бірлесіп, өзінің ынтымақтастығын нығайта түсуі тиіс. Түркістандағы саммитте қабылданған шешімдердің маңызы ерекше. Ол тек түркі тілдес мемлекеттер үшін ғана емес, басқа өңірлер үшін де өте елеулі», - деді Түркия өкілі «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық бейнеконференцияда.

Түркі әлемінің бірлікте болуы дәл қазіргі кезеңде маңызды екенін атаған Йалчын Топчу Елбасының бауырлас елдердің берекесін ұйытудағы еңбегіне айрықша тоқталды.

«Біз күш-жігерімізді бір арнаға бағыттай отырып, түркі әлемінің ортақ бірыңғай әлем болғанын қалаймыз. Түркі кеңесінің құрметті төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі ынтымақтастығын дамытуда өте көп жұмысты жүзеге асырды. Сондықтан оның қажырлы еңбегі үшін алғыс білдіргім келеді. Түркі әлемінің ақсақалы, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістандағы бейресми саммитте бірнеше бастама көтерген болатын. «Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы болсын» деген ізгі тілегін жеткізді. Түркістан қаласын дамыту арқылы біз ортақ құндылықтарымызды жандандырып, түркі әлемінің ынтымағын нығайта түсеміз. Түркі әлемінің біртектілігі өте маңызды. Елбасының қажырлы еңбегінің, мәнді бастамаларының арқасында Ұлы даланың маңызды құндылықтары қайта жаңарып, түлеп жатыр», - деді Түркия Президентінің кеңесшісі.

Аталмыш шарада Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Елбасының Баку саммитінде көтерген ұсыныстары Түркістанда мақұлданғанын, енді Ыстанбұл саммитінде рәсімделетінін айтты.


Жоғары қарай