Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістанда коронавирустан жазылғандарды оңалту орталығы ашылды

2020 жылдың 30 қазан 2020 06:29

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда коронавирус инфекциясымен немесе пневмониямен ауырып, одан емделіп шыққандарды оңалтуға арналған алғашқы орталық ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қалалық емханада орналасқан жаңа орталықтағы мамандар алғашқы 19 емделушіні қабылдап, реабилитациялық көмек көрсетуде. Оларға ингаляция, парафинотерапия, емдік массаж, велотренажер сынды емдік шаралары жүргізіледі.

Орталықты алдағы уақытта магнитті терапия және басқа да медициналық аппараттармен толықтыру жоспарланған. Емхана базасында сонымен қатар вирусологиялық зертханасы үздіксіз жұмыс істейді. Мұнда Түркістан облысының Отырар, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларындағы емдеу мекемелерінен алынған ПТР сынамаларына талдау жасалады. Нәтижелері орталықтандырылған жүйе арқылы азаматтардың жеке мәлімет жүйесіне енгізіледі.

Облыс аумағында жүргізіліп жатқан коронавирус инфекциясымен күрес жұмыстары БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры аясында кеңінен таныстырылды.

«Коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқыны басталған жағдайда емханалардың қызметі қалыпты жағдайда жалғаса береді. Санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәрігерлер тұрғындарды алдын ала жазылу бойынша қабылдайды. Ал коронавирус белгілері бар науқастар бөлек есік арқылы сүзгі бөліміне кіргізіліп, бөлек кабинетте тексеріледі. Вирус анықталған жағдайда амбулаториялық бақылау және емдеу жүргізіледі. Облыстағы барлық медициналық ұйымдарда індетпен күрес жұмыстары барынша күшейтілген», - дейді Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаев.

Баспасөз туры барысында Түркістан қалалық ауруханасының да індетпен күреске дайындық жұмыстары таныстырылды. Коронавирус инфекциясының бірінші толқынында ауруханада 300-ден астам қызметкер жұмылдырылған болатын. Емдеу мекемесінде 320 төсек-орындық провизорлық стационар қарастырылған. Қосымша 50 орындық инфекциялық бөлім ашу жоспарланған. Аурухана 81 оттегі тарату көзі, 16 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 70 дана оттегі концентраты мен 70 пульсоксиметрмен толықты. Сондай-ақ стационарлық оттегі станциясы орнатылып, екі айлық дәрі-дәрмек қоры және дезинфекциялық заттармен, жеке қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген.


Жоғары қарай