Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістанда азық-түлік бағасын тұрақтандыратын 14 сауда нүктесі жұмыс істеп тұр

2020 жылдың 31 қаңтар 2020 22:29

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Облыс орталығында бағаны тұрақтандыратын 14 сауда нүктесі жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын басқару жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (бұдан әрі - ӘМАТ) тіркелген бағаларды тұрақтандыру және бекіту, сондай-ақ бірінші санатты тауық жұмыртқасының бағасын тұрақтандыру мәселелері талқыланды.

Азық-түлік тұрақтандыру қорының басқарушы директоры Марал Марасиловтың айтуынша, 2019 жылдан бастап Түркістан қаласында 8 сауда павильоны (әлеуметтік дүкендер) ашылды. Бүгінгі таңда Түркістан қаласы аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін 14 сауда нүктесі (павильондар) жұмыс істеуде.




Сауда павильондарын мүліктік жалға беру және комиссионерлерді анықтау Ережесіне сәйкес кәсіпкерлер арасында тауарларды сату бойынша қызметті жүзеге асыру бойынша конкурс өткізілді. Сонымен қатар, Түркістан қаласының әкімдігімен, Түркістан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасымен және 10 кәсіпкерлік субъектілерімен облыс орталығында ӘМАТ бағасын тұрақтандыру бойынша бірлескен қызмет туралы келісімшарт жасалды.

Осы келісімшарт аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тоқтату және болдырмау бойынша бірлескен шаралар қарастырылуда. Атап айтқанда, супермаркеттерде тауарлар үшін жеке сөрелер дайындалып, 5 супермаркетке тауарлар жеткізіледі.




Сонымен қатар, 2019 жылдың 30 қазанынан бастап «Ақжол» ЖШС наубайханасымен бірге Түркістан қаласының 6 супермаркеті мен сауда павильондарында (әлеуметтік дүкендерде) 75 теңге бағасымен әлеуметтік нан сату жолға қойылған болатын. 21 қарашадан бастап Әлеуметтік нан Кентау қаласының 8 дүкенінде сатылуда.

Түркістан облысында «Айналым схемасы» жобасын енгізу шеңберінде «Түркістан «ӘКК» АҚ депозитінде орналастырылған қаражат есебінен жылдық 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беріледі. Қарыз беру кезінде бағаны тұрақтандыруға Түркістан облысы әкімдігі бекіткен ӘМАТ бағасын 10% -ға немесе одан да көп бөлшек сауда бағаларының шекті мәнінен төмен ұстау жолымен қол жеткізілетін болады.

Айта кетсек, аталмыш шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеуді қамтамасыз етуге және 17 орыннан 5-орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі бойынша еліміздегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.


Жоғары қарай