Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістанда ÁMEN халықаралық анимация фестивалі басталды

2021 жылдың 29 қазан 2021 19:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, Мәжіліс депутаты, ақын Мақпал Тәжмағамбетова, ардагер режиссер-мультипликатор Тамара Мұқанова, Халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығы сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Сонымен бірге, білікті түрік анимация режиссері Мусаб Гүндүз бен заманауи комикс суретшісі Мұстафа Ахмет Қара келді.

Отандық және бауырлас түркі елдердің, атап айтқанда Әзербайжан, Башқұртстан (РФ), Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан (РФ), Тәжікстан мен Түркияның білікті мультипликаторлары Орталық Азиядағы ең ірі анимациялық фестивальдің қызыл кілемімен жүріп өтті.

Сондай-ақ, салтанатты жиында ардагер режиссер Тамара Мұқанова қазақ анимация өнерінің дамуына сіңірген ерен еңбегі мен насихатына қосқан зор үлесі үшін Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалінің құрмет дипломымен марапатталды.

«Биыл байқауға барлығы 57 өтінім келіп түсті, оның 49-ы іріктеуден өтіп, әйгілі шетел аниматор-мультипликаторлары мен отандық білікті мамандардың бағасын алады. Олардың қатарында әлемге танымал суретші-аниматор, «Ну, погоди!», «Мулан», «Король лев», «Фиксики» сынды «Союзмультфильм» мен Disney студияларының 40-тан аса жобасына қатысқан Александр Дорогов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Мұқанова, кинотанушы, киносыншы Нәзира Мұқышева, Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбелдинов, анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз, режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер-мультипликатор Батырхан Дәуренбеков, сондай ақ халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері Тұрдыбек Майдан бар», - деп хабарлады фестиваль ұйымдастырушылары.

Айта кетерлігі, фестиваль жұмысы екі күнге созылады. Фестиваль аясында қала көрермендері түркі елдерінің үздік мультфильмдерін тегін тамашалап, анимациялық жоба жасаудың қыр-сырына қанығады.


Жоғары қарай