Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысының Жеткіншек ауылында жерасты суы көтеріліп, қауіпті жағдай туындады

2021 жылдың 25 ақпан 2021 08:31

СОЗАҚ. ҚазАқпарат – Түркістан облысына қарасты Созақ ауданының Жеткіншек елді мекенінде жерасты сулары көтеріліп, қауіпті жағдай туындады. Бұл туралы өңірдің Төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Шолаққорған ауылы маңындағы елді мекенде мол жауға қар мен жаңбыр салдарынан жерасты суы көтерілген. Дегенмен әзірге үйлерді су баспаған. Жағдай толық бақылауға алынып, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың басшылығымен шұғыл жиналыс өтті.

ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов пен аудан әкімдігінің мамандары Жеткіншек елді мекенінде штаб құрды. Қазір мұнда екі тәуліктен бері 6 мотопомпа су сору жұмыстарын жүргізуде. Ауылды су басудан аман алып қалу үшін экскаватормен ұзындығы 150 метр жерге көлденең қашыртқы да қазылған.

«Жердің ылғалдығы мен ақжауынға байланысты жерді қазу жұмыстары жүргізілуде. Судың қай жақтан келіп жатқанын анықтау үшін екі зерттеу орталығы жұмыс істеп жатыр. Ал, жерасты суларынан зақым келген үйлерде сараптама жүргізу үшін құрылыс компаниялары тартылды. Жеткіншек ауылында 92 үй бар. Ауылдағы барлық үйдің ауласына су кірмеген. Бұл баспаналарды арнайы мамандар бағалап тексереді», - делінген хабарламада.


Жоғары қарай