Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысындағы ауруханаларға 142 мың қорап дәрі үлестіріліп жатыр

2020 жылдың 14 шілде 2020 20:33

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Өзбекстан Республикасымен тікелей келісімінің нәтижесінде көрші елден 142 мың қорап дәрі-дәрмек келді. Бүгін бұл науқастарға аса қажет дәрілер облыс аумағындағы барлық ауруханалар мен емханаларға таратылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрші елден тасымалданған препараттардың арасында аскорбин қышқылы мен дексаметозон және гепарин сынды халық арасында аса тапшы дәрілер бар. Медициналық мекемеге тасымалданатын дәрілердің әр құтысына «тегін» деген қызыл мөр қойылады. Яғни мұндай дәрілерді өзге жерден кезіктірген азамат жергілікті әкімдікке шағымдана алады.

Сонымен қатар, өңірге облыс әкімінің келісіміне сәйкес Түркиядан 41 түрлі дәрі қоры жеткізіледі. Олардың қатарында науқастарға арналған антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттар мен дене қызуын түсіретін антикоагулянттар бар.

Аталған дәрілер алдағы апта облыстағы 160-қа жуық дәріханаға шекті бағамен үлестіріледі.

Дәріханалар мен әкімдік арасындағы меморандумға орай, олар дәрі-дәрмекті ҚР Денсаулық министрлігі бекіткен шекті бағамен сатады. Заңдылықтың сақталуын арнайы мониторинг тобы бақылайды.

Сондай-ақ, антибиотиктер тек дәрігердің нұсқауымен беріліп, бір адамға екі қораптан артық сатылмайды.


Жоғары қарай