Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында жаңа оқу жылында 70 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады

2021 жылдың 3 тамыз 2021 11:53

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты болса, жаңа оқу жылы офлайн форматта өткізілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, жаңа оқу жылында балалар арасында індеттің таралуын болдырмау үшін алдын алу шаралары қатаң қадағалауға алынған.

«Бүгінде облыс мектептерінде 61 515 мұғалім жұмыс істейді, оның 58 820-сы вакцина қабылдаған. Ал, білім ұяларында жұмыс істейтін 23 932 техникалық маманның 18 753-і екпе салдырды. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін мектепте жұмыс істейтін барлық мамандар 100 пайыз індетке қарсы екпе салдырады. Мұның барлығы балаларымыздың қауіпсіздігі үшін қолға алынып жатқан шаралар», – деді Рақымбек Жолаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы өңірдегі мектептердің жаңа оқу жылына байланысты техникалық базаның дайындығы жөнінде де баяндады.

«Облыста 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 97,8 пайызға жеткен. Биыл бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу үшін қосымша 4 000 орын ашылады деп отыр. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында 69 939 бала бірінші сынып табалдырығын аттайды деген болжам бар. Қабылдау жұмыстары толық автоматтандырылған. Бүгінгі таңда 47 266 өтініш қабылданды, бұл 78 пайызды құрап отыр», – деді Р.Жолаев.

Сонымен қатар, басқарма басшысы алдағы оқу жылында 1,3,7,8 сыныптарға бірқатар оқулық пен 3,6,8 сыныптар үшін зерде бұзылыстары бар оқушыларға арналған оқулықтарды сатып алуға тапсырыс берілгенін жеткізді.

Биыл қажеттілікке байланысты облыста 78 мектеп салынып жатыр. Биыл соның 44-ті пайдалануға берілуі тиіс. Ал, 2025 жылға дейін қосымша 130 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.


Басты сөздер: Түркістан облысы, Білім,
Жоғары қарай