Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Түркістан облысында «Turkestan Open Media» атты журналистер форумы өтті

2020 жылдың 25 маусым 2020 20:25

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында «Turkestan Open Media» журналистер форумы өтті. Журналистер одағының облыстық филиалы ұйымдастырған шарада «Пандемия тұсындағы инфодемияның бүгіні және ертеңі» тақырыбы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн форматта өткен конференцияға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және Түркістан, Жамбыл облыстарынан қаламы жүйрік журналистер мен медицина саласының мамандары қатысты.

Форумға қатысушылар пандемия қаупінің әсері мен оның таралу жағдайын, қарапайым қауымға жетіп жатқан ақпараттардың өзектілігін жан-жақты талқылады. Себебі, бүгінде әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың көптігі мен сұраныстың қажеттілігі аясында ақпараттар да тез таралып жатыр.

Оның ішінде желдей ескен жалған ақпараттар көбейгені жасырын емес. Журналистер ақпараттар осылай тарай берсе, оның қоғамға пайдасынан зияны көп екен деген пікірлерін жеткізді. Онсыз да өршіп тұрған індетті тізгіндеу қиынға соғуы м.мкін екенін атап өтті.

Бұл мәселеге орай облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Нұрбек Нышанов нақты ақпарат халыққа дұрыс жетпей, бұрмаланып жататыны жиі кездесетінін атап өтті.

Ал, Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай індеттің адамдар өмірін жалмап, мемлекеттердің экономикасы мен медианарыққа да әсері орасан екені туралы ойын ортаға салды.

«Әлемнің көптеген елдеріндегі ақпарат құралдары үлкен қиындыққа тап болып жатыр. Үш айдан бері карантин режимінде жұмыс істеп келе жатырмыз. Ал осындай шектеу кезеңі қашанға дейін созылады? Карантин тағы үш айға, алты айға, 1-2 жылға созылса газет-журналдардың, телеарналардың жай-күйі не болмақ?»,- деді Ғалымжан Елшібай.

Онлайн өткен форумда сондай-ақ ҚР Парламенті мәжілісінің депутат Дархан Мыңбай мен облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтар да өз ойын ортаға салды.

Журналист Жұлдыз Әбілдә «Тексерілмеген ақпарат және журналист жауапкершілігі» тақырыбында баяндама жасап, Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінің бөлім меңгерушісі Маржан Рақай да ұсыныстарын жеткізді.

Қоғамда өзекті болған мәселелерді журналистер мен медицина саласы мамандары бірлесе отырып талқылап, шынайы ақпарат тартудың өзектілігіне тоқталды. Атаулы шара соңында алда келе жатқан журналистердің төл мерекесіне орай ҚР Журналистер одағы басқарма төрағасы және облыстық филиалы төрағасы атынан үздіктер марапатталды.

Одаққа жаңадан журналистер қабылданды.


Жоғары қарай