Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында су шаруашылығының түйткілді мәселелері талқыланды

2021 жылдың 27 ақпан 2021 04:18

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында су шаруашылығының түйткілді мәселелері талқыланды. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың қатысуымен өткен селекторлық жиында су үнемдеу мен технологияларды қолданатын шаруаларға басымдық беру жайы сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов су шаруашылығындағы өзекті мәселелер жайында баяндады.

Басқарма басшысы суды аз қажет ететін өнім түрлерін арттыру көзделіп отырғанын атап өтті.

«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында іске асырылып жатқан жобалар Түркістан облысы үшін аса маңызды. Сондықтан осы жобаларға республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға ықпал етуіңізді сұраймын. Үкіметтің «2020-2030 жылдарға арналған Су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасына» Түркістан облысы аумағындағы бірнеше су нысанын күрделі жөндеу жұмысының жобасы енген. Осы жобаларда ағымдағы жылға күрделі жөндеу жұмыстарына 17 нысанға қаржы қарастыру мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттік нақтылауға бюджеттік өтінім ұсынылды. Жобалар іске асырылған жағдайда 20 267 га жерде кепілді сумен қамтамасыз етуге қол жетеді. Осыған орай, алдағы республикалық бюджеттің нақтылауында қаржы қарастыруға ықпал жасауыңызды сұраймын», - деді басқарма басшысы.

Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, Түркістан магистралды каналы күрделі жөндеуден өткен.

Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Сырдария өзенінен машиналық әдіспен Түркістан магистралды каналына ағын су тарту жобасы жүзеге асқан.

Облыстық бюджет есебінен соңғы 2 жылда 243 шақырымды құрайтын 61 каналға жөндеу жүргізіліп, 42 дана тік ұңғыма қалпына келтірілген.

Нәтижесінде 44,3 мың га суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, 53 млн текше метр су үнемделген.

«Тұран су» арнасындағы 21 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген.

Арыс-Түркістан магистралды каналының бойындағы 97 ішкі канал облыстық коммуналдық меншікке қабылданып, осы ішкі каналдарға шектік тариф бекітілген.

Сонымен қатар, «Арыс-Түркістан каналын қоректендіретін Сырдария өзенінен машиналық каналдың құрылысы» жобасы әзірленуде.

Аталған жобалардың Түркістан облысы үшін маңызын ескеріп, қосымша Сырдария өзенінен ағын су лимиті сұратылған болатын.

Бұл мәселелер уақыт күттірмейді дейді мамандар.


Жоғары қарай