Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында мақтаның тоннасы 250 мың теңгеден қабылдануда

2021 жылдың 18 қыркүйек 2021 01:25

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай аудандарында алғаш болып мақта терімі басталды. Шитті мақтаның бір тоннасы 250 мың теңгеден қабылдануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандары бұл бағаның өткен жылмен салыстырғанда 100 мың теңгеге қымбат екенін айтады. Бүгінде өңірде 18 мақта өңдеу зауытының 206 мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді. Биылғы жылы 110 мың гектар алқапқа мақта дақылы егілген. Жоспар бойынша 250 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланып отыр. Мақтаарал, Жетісай аудандарына жасаған жұмыс сапарында ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шаруалармен кездесті. Жаңартылған техникамен танысып, диқандардың мәселесін тыңдады.

«Осының барлығы Елбасының қолдауымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқанын біліп отырмыз. Көрші Өзбекстан елімен келісімге келіп, ағын суды арттырғанын көрдік. Соның арқасында ағын судан таршылық көрмедік. Мемлекет қолдауымен селитра мен дизель де жеткілікті болды. Осындай халыққа қызмет етіп жатқан ел ағаларының жұмыстары жүре берсін. Елдің рахметін алып жатыр, халық ризамыз. Диқандардың барлығы қуанышты, табыстары жақсы, бұдан жігірленіп, келер жылы жұмыс істейміз деп ойлаймыз»,-деді шаруа қожалығының иесі Мұрат Құрбанов.

Шаруалар әр гектардан орта есеппен 30 центнерден өніп алып, 500 мың теңгеге дейін пайда таппақ. Егіс алқабында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өңірдің саладағы жетістіктерімен бөлісті.

«Осындай өнім алып, тауар өндірушілердің әлеуметтік экономикалық жағдайын арттыруға бұл Мемлекет басшыларының екіжақты ынтымақтастық туралы келісімінің арқасында. Өйткені, бұл екі аудан да трансшекаралық Достық каналы арқылы су ішеді. Бұл Өзбекстан Республикасы арқылы келеді. Жақсы жұмыстар нәтижесінде биылғы қуаншылыққа қарамастан Мақтаарал мен Жетісай аудандары тиісті деңгейде ағын сумен қамтамасыз етіліп отыр»,- деді ол.


Жоғары қарай