Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында көпсалалы медициналық орталықтың қазығы қағылды

2019 жылдың 5 желтоқсан 2019 14:51

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан қаласына сапары барысында жаңадан салынатын көпсалалы аурухананың іргетасын қалады.

630 орындық аурухананың құрылысы мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Емдеу орталығының құрылысы екі жылдан аса уақыт мерзімінде жүргізіліп, пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл мақсатқа 100 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Құрылыс жұмыстарын «Sembol construction» түрік компаниясы қаржыландырады.

Жалпы аумағы 16 гектар жерді алатын көпсалалы ауруханада диагностикалық кеңес көрсетуден бастап нейрохирургия, урология, жарақат, қатерлі ісік аурулары сынды медициналық көмек көрсететін бөлімдер жұмыс істейді. Ғимарат толықтай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек.

Үкімет басшысы сондай-ақ жаңадан салынып жатқан мәдени нысандардың да құрылысын аралап көрді. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтеріп жатқан «Ұлы дала елі» орталығы 2020 жылы ашылады деп жоспарланған. Ағымдағы жылдың сәуір айынан басталған құрылыс жұмыстарын «BI Construction turkestan» компаниясы жүргізуде.




Атырау облысы әкімдігінің тапсырысымен бой көтеріп жатқан орталықтың аумағы 6200 шаршы метр. Ал, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханансының құрылысын Шымкент қаласының әкімдігі қаржыландыруда. 1,0 гектар аумақта орналасқан нысанның құрылысы ағымдағы жылдың наурыз айында басталып, келер жылдың осы айында пайдалануға берілмек. Сонымен қатар шаһардың рухани-мәдени аймағында «ҰӘҚ Самұрық-Қазына» АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи мұражайының құрылысы жүргізілуде. Ал, туристік визит орталығы - Отырар қорық-музейінің базасында салынуда. Аумағы 2200 шаршы метр болатын сәулетті ғимаратты салуға Жамбыл облысы тапсырыс беріп отыр. Орталық тарихи -мәдени мұра нысандарын қорғау мен олардың заманауи талаптарға сай сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етпек.




Онда археологиялық қорық, тарихи-мәдени және туристік орталық құруға, сонымен қатар, музей-көрме жүйесімен өзара байланыстағы орталықтандырылған қор жасалады деп жоспарланған. Ал, экспозиция залдары функционалдық бағдарламада әр уақытта болатын өзгерістер мен түзетулерді ескеріп жобаланған. Бұдан өзге реставрациялық жұмыстар мен көрме конструкцияларын жасау жұмыстары үшін цокол қабатында шеберханалар орналаспақ. Барлық нысандарды аралап көрген Үкімет басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.




Жоғары қарай