Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында карантин талаптарын бұзушылар азаяр емес

2020 жылдың 22 қараша 2020 02:40

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және Арыс қаласы әкімдігі бірлесіп, мониторингтік топ құрамында аудандағы карантин талаптарының сақталуына рейд жүргізді.

Бұл туралы ҚазАқпарат – Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мобильдік топ мүшелері қаладағы тамақтану орындарында, сауда үйлерінде, азық-түлік дүкендерінде санитарлық талаптар мен маскалық режимінің сақталуын қадағалауда. Осы тұста карантин талаптарына немқұрайды қарап, санитарлық нормаларды бұзған азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, хаттама толтырылды.

Қазіргі таңда Арыс ауданында карантин талабын орындамаған 372 азамат анықталған. Олардың басым көпшілігі белгіленген уақыттан кейін де жұмыс жасап тұрған дүкен мен ойынхана иелері. Мысалы, Арыс қаласы көшелерінің бірінде орналасқан ойынхана сағат 22:00-ден кейін жұмыс істеп жатқандығы белгілі болды. Ойынханаға келуші азаматтардың да ешбірінде медициналық бетперде болмаған. Сонымен қатар індет өршіп тұрған уақытта жиын, той жасаушылар қатары да азаяр емес. Ашығын айтқанда, Арыс қаласындағы бірнеше тойханалардың карантин талаптарын бұзып, «Қыз ұзату», «Беташар» сияқты той жасап, шектен тыс тұрғындарды жинағаны анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды.

«Түркістан облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жауапқа тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз»,-делінген баспасөз хабарламасында.


Басты сөздер: Карантин, Түркістан облысы,
Жоғары қарай