Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында «Бала шақтан – болашаққа» атты балалар әдебиеті фестивалі өтті

2021 жылдың 31 мамыр 2021 23:30

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайы және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен «Бала шақтан – болашаққа» атты балалар әдебиеті фестивалі өтті.⠀

Аталған шарада балалар «Әженің ертегісін» тыңдап, театрландырылған «Алтын айдарлы бала» қойылымын тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестивальге облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшылығы мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Амангелдіқызы, Оқушылар сарайының басшылығы мен балаларға арналған кітаптардың авторлары, кішкентай бүлдіршіндер қатысты.⠀

Шарада соңғы кезде жарық көрген тәрбиелік, танымдық және әлемдік классикалық шығармалар таныстырылды. Балалар қызығушылығын арттыру, олардың ой-өресін жетілдіру үшін «Ойнай өс, ойлай өс!» танымдық орындары ойнатылып, жеңімпаздарға сыйлықтар берілді.




Фестиваль барысында балалар мен жастар «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» кітабының жауапты редакторы Назгүл Қожабек, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының атқарушы директоры Бағдат Құдияр және балалар жазушысы, ғалым Зира Наурызбаевамен кездесіп, өздерінің көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды. Авторлар өз жұмыстарын таныстырып, шығармалардың баланың дамуына әсері жөнінде айтты аударма мен кітап шығару кезіндегі қызықтары мен қиындықтарын бөлісті.⠀

«Балалар – біздің болашағымыз! Десе де соңғы жылдары балалар әдебиетіне деген тапшылық байқалады. Қазір осы мақсатта көп жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі осы – бүгінгі фестиваль. Осындай шаралар арқылы балалар әдебиетін дамытуға, балалардың ой-өрісін өсіруге ықпал етеміз деген ойдамыз. Бұл мақсат жолында еңбек етіп жүрген баршаңызға алғыс айтып, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», – деді Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызы.

Айта кетейік, мұндай фестиваль облыста алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оның негізгі мақсаты – балаларды кітап оқуға баулу, балалар жазушыларын дәріптеу болмақ.


























Автор Айнұр Ақбаева
Басты сөздер: Түркістан облысы, Қоғам,
Жоғары қарай