Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында 27 мемқызметшіге негізсіз тәртіптік жаза берілген

2020 жылдың 14 қыркүйек 2020 21:57

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 27 мемлекеттік қызметшіге негізсіз тәртіптік жаза қолданылған. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған департаменттің мәліметінше, облыстағы мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызметшілерге қолданылған тәртіптік жазаларға тиісті талдау жүргізілген.

Нәтижесінде, мемлекеттік органдармен тәртіптік жаза қолдану туралы қағида талаптары бұзылғаны және бірқатар мемлекеттік қызметшіге негізсіз тәртіптік жаза қолданылғаны анықталған.

Мәселен, Түлкібас ауданына қарасты Састөбе кентінің әкімі қызметтік тергеп-тексеру жүргізбеген. Сөйтіп, аталған мекеменің бас маманына «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданған.

Сондай-ақ, Түлкібас ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісіне тәртіптік жаза қолдану мерзімі өткеніне қарамастан «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза көрілген.

Осыған орай, жоғарыда аталған заң бұзушылықтарды жою бойынша мемлекеттік органдарға Департамент тарапынан тиісті ұсыныстар енгізілген. Негізсіз қолданылған бұйрықтардың күштері жойылып, аталған 27 мемлекеттік қызметшінің құқықтары толыққанды қалпына келтірілген.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 662 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылған. Алайда тәртіптік жауапкершілікке тартылу деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13%-ға азайғаны байқалады.


Жоғары қарай