Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Түркістан облысында 25 жыл бұрын жоғалған тұрғын табылды

2022 жылдың 28 қаңтар 2022 12:59

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел әрекет етіп, бір күннің ішінде бір-бірін 25 жыл көрмеген бауырларды қауыштырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция қызметкерлеріне хабарласқан жергілікті тұрғын Төлеби ауданындағы ауылдардың бірінде белгісіз азаматтар жас жігітті құлдықта ұстап отырғаны туралы хабар берген. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК 126-бабы «Заңсыз бас бостандығынан айыру» бойынша Түркістан облысы ПД-ға тіркеді.

Ақпарат алысымен департамент қызметкерлері барлық қажетті тергеу әрекеттерін шұғыл атқарып, жәбірленушіге көмек көрсеткен.

Полицейлер жәбірленушінің ата-анасы кішкентай кезінде қайтыс болғанын, содан ол балалар үйінде, кейіннен интернатта тәрбиеленгенін анықтаған. Ер жеткен соң, 10 жыл бойы облыс аудандарындағы түрлі шаруашылықтарда жалдамалы жұмысшы болған және жұмыс берушілер тарапынан азап көргені белгілі болды. Сондай-ақ жас жігіттің есінде өзінің жақын туыстары мүлдем сақталмаған екен.




Бірнеше сағат бойы жан-жақты жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер, Түркістан қаласының жанындағы Сауран ауданында тұратын жас жігіттің туыстарын тапты. Яғни, полицейлер, жас жігіттің үлкен әпкесі мен жездесін Полиция департаментіне алып келді. Мұнда бір-бірінен көз жазып қалған ағайындылардың көптен күткен кездесуі өтті. Бауырлар ұзақ жылдардан кейінгі табысу кезінде, қуаныштың көз жасын жасыра алмады.

Әйел бірнеше жыл бойы жоғалған інісін өздігінен іздеп, таба алмаған. Бауырымен қауышқан әпкесі Ботакөз Құдайбергенқызына айтуынша, олардың ата-аналары бала кезде қайтыс болған. Ал туыс ағасы, оның екі бауырын балалар үйіне өткізген. Сол кезде үлкені 9 жаста, кішісі 4 жаста екен. Кейіннен ең кішісі жоғалып, хабарсыз кеткен. Содан інісін табуға 2020 жылдан бастап кіріскен. Алайда полицияның көмегіне жүгінбеген, мүлдем арызданбаған. Есесіне, Түркістан облысының полицейлері Ботакөзге хабарласып, інісін тапқаны туралы жағымды жаңалық жеткізді.

«Ризамыз, Полицейлерге мың рахмет. Бала кезде көз жазып қалған бауырымды тауып берді. Інімді көріп, өзімді өмірдегі ең бақытты жан сезініп отырмын. Алла разы болсын сіздерге. 25 жыл бойы осы сәтті қанша армандап, күттім. Бүгін міне аман-есен, жігіт болған ініммен кездестім. Қуанышымда шек жоқ!», - деп көзіне жас алды Боткөз Толыбаева.

Қазіргі кезде тергеу жұмыстары жүріп жатыр.


Жоғары қарай