Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысы: Бәйдібек аудандық ауруханасында лапароскопиялық ота жасалатын болды

2021 жылдың 23 қыркүйек 2021 20:58

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Бәйдібек аудандық ауруханасында лапароскопиялық ота жасалатын болды. Бұл оталарды жасау үшін орталық аурухананың хирург дәрігерлері мен медбикелері облыстық клиникалық аурухана базасында өз білімдерін жетілдіріп, машықтанудан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық аурухананың хирургия бөлімінде лапароскопиялық оталар «эндовидеолапароскоп» аппараты арқылы жасалуда. Іш-қуысын кеспей тесіп жасалатын оталардан кейін науқастар небәрі 4-5 күнде ауруханадан үйіне шығарылады. Яғни, аппаратпен өт алу, жарықтар (грыжа), аппендицит сияқты күрделі оталар жасалуда. Бұл оталар жедел түрде және МӘМС арқылы жоспарлы тексерілулерден өткен науқасқа ақысыз жасалады.

«Өткен жылдан бері 60 рет өт тасы алынып, 8 рет жедел аппендицитке және гинекологоиялық науқастарға оталар жасалынды», – дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлдария Шардарбекова.

Ауруханада кейде басқа аймақтардан қыдырып келген науқастарға да жедел түрде ота жасалып, тиісінше емдік-шаралар көрсетіліп келеді. Айта кетейік, бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысына емханадан бастап аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі ауруханалардағы медициналық көмектер қолжетімді болуда. Аудан, қалалардағы медициналық ұйымдардың материалдық базасы нығайып, жергілікті халықтың сұранысына қажетті қызметті іске қосып жатыр.


Жоғары қарай