Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан әкімі халықпен есептік кездесуін кешірім сұраудан бастады

2021 жылдың 22 қаңтар 2021 01:17

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов кезекті есеп беру жиынында халықтан кешірім сұрады. Шаһар басшысы жоспарланған базбір жобаларды карантин кезінде жүзеге асыруда қиындықтар туындап, кешеуілдеп қалғанын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр іске асыруға сөз берген бірқатар жобамыз атқарылмай қалды. Сенім артып, үміт еткен әр тұрғыннан басымды иіп, кешірім өтінемін. Басымдылық осы жобаларға беріліп, толықтай бітуі биылдан қалмауы тиіс. Індет – өтірік сылтау болмауы тиіс! Індеттің көптеген салаға кері әсері тигені рас. Бірақ, кей сала басшылары індетті сылтауратып, жұмыстарын тиянақты жасамай отырғаны өкінішті. Биыл осы салалар бойынша жұмыс қарқын талабы ұдая түсетінін ескертемін»,- деді Рашид Аюпов.

Қала әкімі сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарымыздың мұқтажы назардан тыс қалып жатқанын атап өтті. Ағымдағы жылы «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында халыққа жан-жақты жағдай жасалатынын тілге тиек етті.

«Біткен іске сыншы көп» деген жақсы сөз бар. Қандай да жобаның барлық адамның көңілінен бірдей шығуын күту – үлкен қателік. Біріне ұнағаны міндетті түрде екінші адам тарапынан кері қабылдануы мүмкін. Бірақ, атқарушы орган ретінде басым көпшілікке ұнауы мақсатында, тұрғындарымызға жобалардың іске асырылуы барысына қатысуға мүмкіндік беруді бас міндетіміз дей келе, былтыр «Халықтық Жоба», «Халықтық Бюджет» бағдарламаларын жүзеге асыруды бастаған болатынбыз. Биыл осы жобаларымыздың жұмысын қарқындата түспекпіз. Сондықтан, құрметті қала тұрғындары, аталған жобаларды өздеріңізге жайлылық сыйлар, тиімді болар деген ретте іске асыруға үлес қосуға шақырамын. Кез келген істі басынан қалаулы түрде жасау, біткеннен кейін өзгерткеннен әлдеқайда тез де оңай, тиімді де дұрыс боларына келісесіздер деп ойлаймын»,- деді Рашид Аюпов.

Айта кетейік, өткен жылы шаһар басшысы тұрғын үйлердің жыл соңына дейін толықтай көгілдір отырға қосылатытын айтып, жұртты көмір алмауға шақырып еді. Алайда желтоқсан айында қала тұрғындарының тек жартысына жуығы ғана табиғи газға қол жеткізді. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне беріледі деп салынған көпқабатты тұрғын үйлер де бір жыл бойы қайта жөнделіп, тек қаңтар айында пәтер кілттері тапсырылды.


Жоғары қарай