Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Түркі тілдес мемлекеттердің жоғары оқу орындары онлайн концерт өткізді

2020 жылдың 2 маусым 2020 17:21

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін «Білім. Ғылым. Бауырластық» атты түркі тілдес мемлекеттер жоғары оқу орындарының ынтымақтастығына арналған сұхбат-концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онлайн форматтағы шараға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Түркияның Нигде Өмер Халисдемир университеті және Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің қызметкерлері мен өнерпаздары қатысты.

Бірінші болып сөз алған Қыздар университетінің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Балажанова елімізде жариялаған карантин жағдайында қашықтан оқыту барысы туралы ақпарат беріп, осы орайда атқарылған жұмыстар жайында кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар ол академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде түркі тілдес мемлекеттерде білім алу мүмкіндіктерін айтты.




Сондай-ақ онлайн жиында Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің педагогика факультетінің деканы, «Мұғалім» ғылыми-педагогикалық журналының бас редакторы Рахат Сулайманова мен Нигде Өмер Халисдемир университетінің Еуразия зерттеулері бөлімінің басшысы Тургай Дүйен өз оқу орындары туралы толыққанды мәлімет берді.

Тікелей эфир барысында шетелдік ғалымдар түркі бірлігін дамыту орайында қолға алынып жатқан бастамалар мен білім және ғылым саласында түбі бір туыстас мемлекеттер арасындағы байланыстарды арттыру бағытында қолға алынған шаралар жайында да айтты.

Сондай-ақ олар «Білім және ғылым саласында түбі бір туыстас мемлекеттер арасындағы байланыстарды арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Бұл тарапта не нәрсеге маңыз берген абзал?» деген сауалдарға да жауап берді.

Үш сағатқа созылған шара барысында аталған жоғары оқу орындарының өнер ұжымдары ұлттық музыкалық туындыларды орындап, төл мәдениетімізді дәріптеді.

Айта кетейік, Қыздар университетінің YouTube желісіндегі ресми арнасында өткен шараның көздегені – түбі бір туысқан мемлекеттердің білім, ғылым және мәдени ынтымақтастығының дамуын арттыру, талантты жастарға қолдау көрсету.

Аталған білім ордаларының қатысуымен жыл сайын Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өтіп келеді.

2014 жылдан бастау алған дәстүрлі жиынның басты мақсаты - әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау.











Жоғары қарай