Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тұрғын үй кооперативтерінің қызметін қатаң регламенттеу қажет – Мәжіліс депутаты

2021 жылдың 15 қыркүйек 2021 12:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұрғын үй кооперативтерінің қызметін қатаң регламенттеу қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Файзолла Каменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда 1 827 түрлі тұтыну кооперативі тіркелген. Бірақ азаматтардың шағымдары көбіне тұрғын үй тұтыну кооперативтерінің әрекетіне түседі. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары қаржы пирамидасын құру фактілері бойынша көптеген іс тергеуде. Оның ішінде республика «Новый дом 2017», «Свой дом», «Бест Вей-Недвижимость», «Шаңырақ КТК», «Отан строй» сияқты өндірістік кооперативтер назарға еркеше түседі. Олардың жалпы залал сомасы - 200 млн теңгеден асады. Бұл - қылмыстық іс қозғалған тұрғын үй кооперативтерінің толық емес тізімі. Бірақ көбіне құқық қорғау органдары акционерлер мен кооперативтердің құқықтық қатынастарының азаматтық-құқықтық сипатына сілтеме жасай отырып, мұндай жағдайларды тергеуден бас тартады», - деді бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған Файзолла Каменов.

Оның атап өтуінше, мұндай ұйымдарға уәкілетті органдар тарапынан тиісті бақылау жүргізілмейді.

Тұтыну кооперативтерін құру айтарлықтай жеңіл, бірақ осы орайда азаматтардың өз ақшасын жоғалтып алуы секілді салдар әлі де мемлекеттің проблемасына айналып отыр.

«Осы депутаттық сауалмен тұрғын үй сатып алу үшін азаматтардың қаражатын тікелей немесе жанама түрде тартатын барлық осындай кооперативтердің қызметін қатаң түрде регламенттеу қажет екендігін сұраймыз. Ал алданған тұрғын үй салымшылары санының өсуіне жол бермеу мақсатында Үкіметке мынадай іс-шараларды қабылдауды ұсынамыз: тұтыну кооперативтерін тиісінше бақылау және олардың қызметін регламенттеу үшін мемлекеттік органдардың үйлестірушісін айқындап беру; тұтыну кооперативтері арқылы баспана сатып алу үшін ақша қаражатын салу қаупі туралы азаматтарды хабардар ету», - деді Мәжіліс депутаты.


Жоғары қарай