Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тұмаудан өз бетінше емделуге абайлау керек - иммунолог

2020 жылдың 21 қыркүйек 2020 14:09

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Иммунолог маман күз бен қыста суықтан сақтану жолдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің микробиология, вирусология, жалпы иммунология, гигиена, эпидемиология сынды іргелі ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Раушан Тьесова-Бердалина эпидемиологиялық ахуалға сипаттама берді.

«Барлық респираторлық аурулар сияқты SARS-CoV-2 инфекциялары басқа да вирустар тәрізді суық тию маусымы кезінде өршуі әбден ықтимал. Олар грипп, парагрипп, қызылша, ЖРВИ, менингококк, стрепоткокк, стафилококк, дифтерия сияқты бактериялармен қосарласа дамуы мүмкін. Бұл әлбетте ауыр болады», - деді маман.

Дәрігер халықты өзін-өзі емдеп, алдын ала антибиотик, дәрі қолданудан бас тартуға шақырды.

«Иммундік стимуляция, модуляция, антибиотикалық терапия – емнің барлық осы түрлері зертханалық диагностикалау арқылы және дәрігердің бақылауымен жүргізілуі тиіс. Өзін өзі емдеу арқылы ауырғаннан да көп қиындыққа ұшырау әбден мүмкін. Өз ағзаңызды дәрілермен толтырып, осы препараттарға микробтар үшін жағдай жасаудың қажеті жоқ. Өйткені кейін ауырған кезде бұл препараттардың әсері болмайды», - деп атап өтті ол.

Сонымен бірге, Раушан Тьесова-Бердалина жұқтырудан сақтануда жеке қорғанысты қамтамасыз ету мақсатында масканы дұрыс тағуға кеңес береді.

«Маска толықтай ауыз бен мұрынды жауып тұруы керек. Ылғалды және дымқыл масканы жаңасына, құрғағына ауыстыру керек және бірреттік масканы қайталап қолдануға болмайды. Масканы шешер кезде, оның беткі жағына қол тигізбеуге тырысыңыз. Қолыңызды сабынмен және спирттік құралмен мұқият жуыңыз», - деді маман.

Қазіргі күз-қыс маусымында жеке гигиенаны, әлеуметтік қашықтықты сақтау, ең бастысы - маусымға қарай киініп, мүмкіндігінше суық тигізбей, жүйелі және сапалы тамақтануға кеңес беріледі.


Жоғары қарай