Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түлкібас ауданында тозығы жеткен екі мектеп бұзылып, орнына жаңасы салынады

2020 жылдың 27 қараша 2020 12:43

ТҮЛКІБАС АУДАНЫН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы тозығы жеткен 2 мектептің орнына жаңа ғимараттар салынады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға жасаған сапарында тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті.

Еңбекші ауылындағы тозығы жеткен мектеп кезінде асармен салынған. Іргетасы шөгіп, жалғанған қосымша бөлмелері жарыла бастаған. Бала санының артып кетуіне байланысты, бірқатар оқушы көрші ауылдағы мектепке қатынап оқиды. Оқу процесін жақсартып, оқушыларға сапалы білім беру мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Енді 150 орындық Н.Тұрсынбеков атындағы негізгі мектеп бұзылып, орнына жаңа ғимарат бой көтереді.

Майлыкент ауыл округіне қарасты Т.Рысқұлов ауылында да 300 орынға арналған мектеп құрылысы басталмақ. Білім ұясы бүгінде «Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің» ескі, мектеп ғимаратының талаптарына сәйкес келмейтін зертханалық корпусында орналасқан. Мұнда қазір Тұрар Рысқұлов ауылындағы 3 мөлтек ауданның оқушылары білім алуда. Мектеп құрылысына 1,92 га жерге құжаты дайындалып, жергілікті бюджет есебінен жаңа мектеп бой көтеретін болады.

Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев тиісті басқарма басшыларына білім саласына қатысты осынау өзекті мәселені қатаң қадағалап, құрылыстың уақытылы әрі сапалы жүргізілуін бақылауды тапсырды.


Жоғары қарай