Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Транзитпен өтетін жолаушылар пойыздары Нұр-Сұлтан мен Алматыға тоқтамайды

2020 жылдың 18 наурыз 2020 22:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары аумағында карантин енгізілуіне байланысты биыл 22 наурыз күнгі сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына автокөлік құралдарымен жолаушылар тасымалдау тоқтатылады. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Автокөлікпен транзиттік жолаушылар тасымалдау аталған қалалар аумағына кірместен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, осы жылдың 22 наурызында сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына келетін, шығатын жолаушылар және қала маңы пойыздарының жүруі тоқтатылады. 22 наурыз күні сағат 00:00-ден кейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы теміржол стансалары арқылы транзитпен өтетін жолаушылар және қаламаңы пойыздары жолаушыларды түсірмеген күйде және ешкімді мінгізбей өтеді»,- делінген хабарламада.

Сонымен қатар, биыл 22 наурыз күнгі сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы стансаларда жасақталатын және оларға дейін баратын жолаушылар және қала маңы пойыздарымен жолаушылар тасымалдау тоқтатылады.

«Әуе көлігі бойынша да биыл 22 наурыз күнгі сағат 00:00-ден бастап жүк және халықаралық әуе рейстерінен басқа Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларына келетін және шығатын жолаушылар әуе рейстері тоқтатылады.

Төтенше жағдайлар кезеңінде әуе және теміржол көлігімен сапарлардан бас тартатын жолаушыларға билет құны хабарласқан уақытына қарамастан толық көлемде қайтарылатынын айта кету керек», - дейді министрліктің баспасөз қызметі.


Жоғары қарай