Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Төтенше жағдайдың өзінде бизнес ашуға 37 мың өтінім түсті - Шыңғыс Ахметов

2020 жылдың 16 шілде 2020 17:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде төтенше жағдай режимі кезінде жеке кәсіпкерлік ашуға 37 мыңға жуық өтінім түсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, осы жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіпорын ашу үшін шамамен 90 мың кәсіпкерлік субъектісінен өтінім түсті. Оның ішінде шамамен 16 мыңы - заңды тұлғалардан, 74 мыңы - жеке кәсіпкерлерден түсіп отыр. 2020 жылдың екінші тоқсанында, яғни, бизнес ашуға және жүргізуге барынша күрделі кезеңде 37 мың өтінім, оның ішінде заңды тұлғалардан - 6 300, жеке кәсіпкерлерден - шамамен 30 мың өтінім берілді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар шаралар қабылданып, нәтижесінде бұл салада оң қарқын байқалып отыр.

«Шағын және орта бизнеске баса назар аударылуда. Бірқатар қолдау топтамасы қабылданып, соның нәтижесінде оң қарқын байқалады. Осы жылдың қаңтарымен салыстырғанда 1 маусымдағы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер санына келер болсақ, қазіргі динамика сақталып отыр. Тіпті бизнес саны бойынша 0,2 пайызға өсім бар. Сондықтан кей өңірлерде теріс тренд байқалғанымен, бүкіл еліміз бойынша бизнес санына қатысты оң көрсеткіш байқалады», - деді Шыңғыс Ахметов.


Жоғары қарай