Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

«Топжарған» жобасының екінші маусымы басталды

2019 жылдың 4 қазан 2019 17:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көрермен көзайымына айналып үлгерген «Топжарған» жобасының екінші маусымы бүгіннен бастап көрермен назарына жол тартады, хабарлайды ҚазАқпарат.

Таланттылар шоуының екінші маусымын «Хабар» телеарнасынан 4 қазаннан бастап, яғни бүгіннен бастап, әр жұма сайын, сағат 21.40-та тамашалауға болады.

«Хабар» Агенттігінің ең ауқымды жобаларының бірі, бірінші маусымы көптің көңілінен шыққан «Топжарған» музыкалық жобасының екінші маусымының тұсау кесерін жіберіп алмаңыздар. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты жастардың бағын ашатын музыкалық шоуын - «Хабар» арнасынан, сондай-ақ, YouTube желісіндегі ХабарShow арнасынан live режимінде, 4 қазаннан бастап, сағат 21.40-та тамашалай аласыздар.




Төрешілер тізгініндегі әнші Дастан Оразбеков әділқазылықты адал атқарудың өзі асқан жауапкершілікті қажет ететін жауапты жұмыс екенін айтып өтті.

« Қатысушыларымыздың деңгейі қуантатын жағдай. Көбінде заманауи әндерге тоқталып жатқаны қуантады. Топжарған жобасы - талантты әншілердің алаңына айнала білді, бірталай өзін өзі көрсете алмай жүрген, таныта алмай жүрген әншілеріміге мүмкіндік сыйлай білді. Мен үшін ең қиыны – біреудің тағдырын бір жаққа қарай бұрып, ақауын бетіне айту. Бірақ біз сол үшін де төрешіміз. Оны сескеніп, егер ұялшақтап, аяушылық танытсақ - еркелікпен тамақтандыратын сияқтымыз. Сол себепті әділеттілікті алдыға қойып, дұрыс таңдау жасауға тырысып бағамын », - дейді әнші Дастан ОРАЗБЕКОВ .




Биылғы жылғы «Топжарған» музыкалық бәйгесіне шет елдік әншілер де қатысып, бағын сынауда. Есесіне, тартыстың көрігі қанығырақ, жүлденің иісі жарқынырақ болатыны сөзсіз. Асығы алшысынан түссін дейтін, жеңімпаз тұғырында тұрсын дейтін өз таңдауыңызды жасағыңыз келсе – әр жұма сайын «Хабар» арнасынан көрігі қызған конкурсты тамашалаңыз.

«Бұл конкурстағы бағын сынап келген әр жоба қатысушысы - дүние жүзіндегі ең жоғарғы дәрежедегі музыканттардың, композиторлардың, әншілердің репертуарларын орындайды. Жалпы «Топжарғанның» ерекшелігі –әнші сахнаға шықты, нәтижесінде салған бір әнімен не өтті, не өтпеді. Көрдіңіз бе? Сонда ол бір әнімен бүкіл шеберлігін көрсету керек, бір әнмен бүкіл төрешілерді де, көрерменді де таңқалдыра білуі керек. Өзінің деңгейін көрсетіп үлгеруі керек. Сондықтан бұл үлкен шеберлікті қажет ететін конкурс»,- дейді төрешілердің қатарындағы, ҚР-ның халық артисі Роза Рымбаева Қуанышқызы.




«Мен қатысушылардың жүргізушісі болғандықтан, сахна сыртында жүргендіктен, қатысушылардың әр қайсына бауыр басып қаламын, әр қайсына жақыным, туысым, досым ретінде қараймын. Уайымдаймын. Әр қайсы маған ыстық. Кәсіби деңгейдегі Топжарған өзінің екінші маусымын жалғастырып жатыр. Былтырғы да, биылғы да қатысушылары - өте талантты, дарынды, кәсіби деп ауыз толтырып айтуға әбден лайық» ,-дейді жоба тізгініндегі әнші, әрі жүргізуші Мадина Сәдуақасова.




Айта кетейік, «Топжарған» музыкалық шоуына қатысушылар жеңімпаз атану үшін өзара сайысқа түседі. Әр кезеңде оза шапқан төрт қатысушы мәртебелі орынға жайғасады және өз биігінен төмендемеу үшін бар өнерін паш етеді. Ал соңғы кезеңге жеткен қатысушылардың өнерін көрермен дауыс беру арқылы бағалай алады.

«Топжарған» музыкалық шоуын - «Хабар» арнасынан, сондай-ақ, YouTube желісіндегі ХабарShow арнасынан live режимінде, бүгіннен бастап, әр жұма сайын, сағат 21.40-та тамашалай аласыздар.

Басты сөздер: Мәдениет, БАҚ,
Жоғары қарай