Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Төлеутай Рахымбеков отандық аграрлық ғылымның негізгі проблемасын айтты

2020 жылдың 30 қазан 2020 19:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков отандық аграрлық ғылымның негізгі проблемасы турасында пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз саладағы жағдайға ұзақ талдау жасап, аграрлық тұрғыда үздік саналатын Аргентина, Бразилия, Франция, Германия елдерімен салыстыру жұмыстарын жүргіздік. Осы орайда Қазақстанның аграрлық ғылымының басты проблемасы білімді жеткізу, технология трансферті мен коммерцияландыруда ұйымдастыру шараларының жеткіліксіздігіне байланысты деген ұйғарымға келдік», - деді Т. Рахымбеков АӨК саласында ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру тақырыбындағы онлайн конференцияда.

Осы орайда ол елімізде кейбір процестер керісінше жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Бізде 23 ғылыми-зерттеу институты, 14 тәжірибелік станция бар. Аргентинада 4 ғылыми-зерттеу институты, 4 ғылыми-тәжірибелік станса мен 320 білімді тарату орталығы жасақталған. Біздің бағалау бойынша Қазақстанда білімді жеткізіп, тарататын кем дегенде 200-210 орталық керек. Бұл дегеніміз, 163-і ауылдық аудан, 40-ы облыс деңгейінде, сондай-ақ қосымша үшеуі негізгі орталық дәрежесінде 3 университеттің базасында», - деді Т. Рахымбеков.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Төлеутай Рахымбеков аграрлық салада ғалымдар өзінің ғылыми жұмыстарына сыйақы алуы керектігін атап өтті.

«Коммерцияландыру – бұл термин қазіргі кезде біздің қоғамдық өмірімізде өзінің нақты орнын алып отыр. Коммерцияландырудың қажет екеніне дау жоқ, алайда сөзден іске көшу үшін біраз шаруаны еңсеру керек. Коммерцияландырудың ішіндегі ең басты тетіктерінің бірі – ол «роялти жүйесі», - деді ол.


Жоғары қарай