Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Токио-2020: Су добынан Қазақстан құрамасы Хорватиядан жеңілді

2021 жылдың 25 шілде 2021 18:50

ТОКИО. ҚазАқпарат - Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында су добынан Қазақстан құрамасы бірінші ойынын сәтсіз бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық спортшылар алдын ала іріктеу кезеңінде В тобында сынға түседі. Алғашқы ойынында қазақстандық жігіттер Хорватияға 7:23 есебімен есе жіберді.

Сондай-ақ, В тобында Черногория, Испания, Сербия және Австралия бақ сынайды.

Енді қазақстандық құрама 27 шілдеде Сербиямен шеберлік байқасады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Олимпиадаға төртінші мәрте қатысып отыр. 2000 жылы жалпы командалық есепте тоғызыншы орынға табан тіреп, әзірге ол құраманың ең жоғары жетістігі ретінде тіркелген.

Айтулы аламанға дүние жүзіндегі 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысуда.

Қазақстандық 97 спортшы күншығыс елінде спорттың 28 түрінен бақ сынайды.

Еске салсақ, Токио Олимпиадасы 23 шілдеде басталды. Ол 8 тамызда мәресіне жетеді. Бұған дейін Қазақстан құрамасы алты Жазғы Олимпиадада бақ сынады.

Жалпы алғанда 21 алтын, 28 күміс, 64 қола медаль алды.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Олимпиада,
Жоғары қарай