Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Токио-2020: бүгінгі нәтиже көңілден шықты - Денис Ганькин

2021 жылдың 23 шілде 2021 12:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Токио Олимпиадасының алғашқы жарыс күнінде садақ атудан іріктеу кезеңі аяқталды. Ерлер арасындағы сында Қазақстан командасы өнер көрсетіп, Денис Ганькин алғашқы ондыққа енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Денис Ганькин 669 ұпай жинап, 64 спортшының ішінен 9-шы орын иеленді. Ильфат Абдуллин 27-ші, Санжар Мұсаев 52-ші сатыда.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Оңтүстік Корея өкілі Ким Дже Док көш бастады. Екінші орында америкалық Брэди Элисон, үшінші сатыда кореялық Он Джин Хек орналасқан.

«Бүгінгі нәтижем көңілімнен шығады. Тек жарыс соңына қарай желдің күшейгені аздаған кедергі келтірді. Әйтпесе, қалғанының бәрі ойдағыдай. Бапкерлерім техникалық тұрғыдан қателеспеуді тапсырған болатын. Елдегі тынымсыз дайындықтың көмегі көп болды. Жалпы алғанда, біздің команда үшін бүгінгі көрсеткіш жаман емес. Санжар мен Ильфат та жақсы өнер көрсетті. Оларға да жел кедергі келтірсе керек. Өйткені, желдің бағыты түсініксіз. Енді 26 шілде күні командалық жарысты бастап, медальға таласамыз», - деді Денис Olympic.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетелік, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша келесі айналымдағы спаррингтік жұптар анықталады. Қазақстандық Ильфат Абдуллин Ұлыбритания өкілі Джеймс Вудгейтке қарсы шығады. Денис Ганькин Египет намысын қорғайтын Юсуф Толбамен өзара мықтыны анықтайды. Санжар Мұсаев қытайлық Дапенг Вангпен 1/16 финал жолдамасына таласады.

Командалық сында Қазақстан Үндістан құрамасымен кездеседі.


Басты сөздер: Жапония, Олимпиада, Спорт,
Жоғары қарай