Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тілеухан Әбілдаев: МӘМС күрделі болғанымен, денсаулық саласындағы маңызды реформа

2021 жылдың 14 шілде 2021 11:08

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазір қарапайым жұртшылық арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесіне қатысты сұрақ көп. Осыған орай «Медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевпен сұхбаттасқан едік.

- 2020 жылы Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Әлемдік пандемиямен тұспа-тұс келген бұл кезең сақтандыруды енгізуде қандай қиындықтар тудырды?

- Өкінішке қарай, реформаның алғашқы жылы күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Жаңа реформа болғандықтан қор жылдың бастапқы 3 айын жеңілдік мерзімі деп жариялады. Соның арқасында еліміздің барлық азаматтары, осында тұрақты тұратын шетелдіктер МӘМС пакетіндегі қызметтерді сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан пайдаланды. Карантин енгізілгеннен кейін жеңілдік мерзімі тағы 3 айға ұзартылды. Яғни, жарты жыл бойы жұртшылыққа жаңа жүйенің артықшылықтарын сезінуге мүмкіндік берілді.

Пандемия кезінде мыңдаған азамат жұмыстан, табыстан айырылғанын білесіздер. Соған байланысты Қор Үкіметке табыс көзінен айырылған азаматтардың статусын қалпына келтіру жөнінде ұсыныс жасады.

Нәтижесінде былтыр тамыз айында 740 мыңға жуық адамның берешегі жойылып, сақтандыру жүйесіне қайтарылды. Осылайша, пандемия кезінде табысынан айырылған азаматтар да МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалануға мүмкіндік алды.

Яғни, пандемияға байланысты табыстан айырылып, 42 500 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы алған азаматтар да жарна төлеу міндетінен босатылды.

Сонымен қатар, елімізде шағын және орта бизнестің 29 санаты 2020 жылы 1-сәуірден 2021 жылдың 1-қаңтарына дейін салықтан босатылды. Еліміз бойынша жарна төлеу міндетінен 1 млн астам бизнес нысаны босатылды. Алматы қаласында олардың саны 116 мыңнан асып жығылады.

- Жалпы, медициналық сақтандыруға қатысты айтылып, жазылып жатқан сын аз емес. Қандай да бір ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс бар ма?

- Әлбетте, сын болмай мін түзелмейді, сондықтан сынның болғаны дұрыс. Орынды сынды да дұрыс қабылдауға тиіспіз. Ең алдымен, сақтандыру енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру деңгейі артты.

Яғни, бұрын ауруханаларды жарақтандыруға, жаңа технологияларды енгізуге тағы да басқа қажеттіліктерге жетпей жататын қаржы көлемі ұлғайды. Соның арқасында халыққа көрсетілетін медициналық көмектің, зертханалық зерттеулер мен бағасы қымбат боп келетін жоғары технологиялық қызметтер саны артты.

Халыққа тегін берілетін дәрі-дәрмек саны мен түрі көбейді. Мысал келтірейін. Бізде тегін медициналық көмек деп аталатын пакет бар. Тегін пакет бойынша 35 нозологияға дәрі-дәрмек беріледі, ал, МӘМС пакетінде ересек адамдарға 41 нозология бойынша, балаларға 63 нозология бойынша дәрі-дәрмек беріледі.

Өткен жылмен салыстырғанда дәрімен қамтылатын нозология (сырқат) саны 45-тен 138-ге дейін артқан.

- Жалпы, осы уақыт ішінде медициналық көмектің қолжетімділігі қаншалықты артты?

- Амбулатория-емхана деңгейіндегі көмек пен стационарлық көмектің тек көлемі ғана емес, сапасы да едәуір артты. Алғашқы жылдың қорытындысы бойынша, Алматы қаласы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек 6 есе артып, халыққа 6,9 млн қызмет көрсетілді.

Оның 3,3 млн – салалық мамандырдың консультациясы, оған 4,7 млрд теңге төленді. Өткен жылы алматылықтар жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 804 мыңнан астам диагностикалық қызмет пен 352 мың стоматологиялық қызмет түрін пайдаланып, КТ/МРТ сынды жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын 41,5 мың зерттеуден өткен (1,8 млрд теңге).

Қаладағы стационарларда емделген 180,7 мың пациент үшін 59,7 млрд теңге төленді. 87 мыңнан астам операция жасалды. Соның ішінде, 4,7 млрд теңгеге 1203 кардиохирургиялық операция жасалды. 26 бауыр алмастыру операциясы жасалды, оған 157 млн теңге төленді. 241 буын алмастыру операциясы жасалды (354 млн теңге).

Сақтандырудың арқасында реабилитация қызметін күшейтуге мүмкіндік туып отыр. 2019 жылы аталған көмек түрін көрсететін клиникалар саны 4 ғана болса, қазір 65-ке жетті. Амбулатория деңгейінде көрсетілетін реабилитация бойынша 7700 қызмет көрсетілді. Бұған да сақтандырудың арқасында қол жетіп отыр.

Сондай-ақ, сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан кейін экстракорпоральды ұрықтандыру протоколдарының саны артты. Биыл еліміз бойынша 7000 жуық үміткер арнайы «Аңсаған сәби» президенттік бағдарламасы шеңберінде ЭКО жасатып, ата-ана бақытын сезінуге мүмкіндік алмақ.

Оған жұсалатын қаражат көлемі 2 есе артып отыр. Мысалы, 2020 жылы 643 процедураға 563 млн теңге бөлінген болса, 2021 жылы 1238 процедураға 1,1 млрд теңге қарастырылған.

- Денсаулық сақтау саласындағы қаржы тапшылығы туралы айттыңыз. Шамамен қанша қаражат жетіспейді?

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, МӘМС енгізілгенге дейін (2019 жылы) Қазақстанда денсаулыққа жұмсалған шығынның 700 млрд теңгеден астамы тұрғындардың қалтасынан шыққан. Былайша айтқанда, тіркелген емханада дәрігердің немесе белгілі бір қондырғының жоқтығына байланысты азаматтар медқызметті ақылы түрде алуға мәжбүр болады.

Түптеп келгенде мәселенің тамыры қаржыға келіп тіреледі. Мәселен, 2018 жылы денсаулық саласына 925 млрд теңге бөлінген. Ал, биыл қаражат көлемі екі есе артып, 1,8 трлн теңгеден асып отыр. Яғни, сақтандыру жарнасының арқасында салаға 700 млрд теңге қосымша қаржы түсіп отыр, оның жартысы – мелекеттік бюджеттен төленген жарна.

Әлбетте, сақтандыру енгізіле сала барлық проблема шешілді деуге болмайды. Өйткені, медицинадағы тарифтің төмендігі, дәрігерлер мен медперсонал жалақысының аздығы салдарынан туындаған қаржы тапшылығы бір күнде емес, жылдар бойы қордаланған мәселе.

Мәселен, медициналық қызметтерге ақы төлеу тарифі 2014 жылдан бері өзгермеген болатын. Осы уақыт ішінде коммуналдық қызмет құны бірнеше рет өсті, жалақы артты дегендей. Ал, сақтандыру жарнасы есебінен келген қаражат дәрігерлер жалақысын өсіруге және басқа өзекті мәселелерді шешуге жұмсалды.

Өткен жылы денсаулық саласының бюджеті 1 трлн 734 млрд теңгені құраған болса, оның 400 млрд теңгесі МӘМС пакеті бойынша көрсетілген қызметтерге төленді. Оның 300 млрд теңгесі – бюджеттен жеңілдігі бар 15 санат үшін жасалған жарналар.

Яғни, мемлекет сақтандыруды енгізе отырып, мүлдем жауапкершіліктен бас тартып отырған жоқ, керісінше, МӘМС жүйесіндегі шығынның басым бөлігін жауып отыр деген сөз.

- Мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санатқа кімдер жатады? Атап өтсеңіз.

- Мемлекет жыл сайын тегін медициналық көмекке бөлінетін 1 триллион теңгеге қоса, 15 санат үшін жарна аударады. Бұл тізімге «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысының қатысушылары, жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер, интернат тәрбиеленушілері, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттік демалыстағы аналар, мүгедектер, мүгедек бала күтімімен айналысатындар, студенттер, тергеу изоляторларында отырғандар, жұмыссыз оралмандар (бір жылға дейін), мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жатады. Олардың жалпы саны 11 миллионға жуықтайды.

- МӘМС-ті тек қана төлемді уақтылы төлеп отырған тұрғындар пайдаланады. Ал, төлемегендер не істейді? Оларға медициналық қызмет қалай көрсетіледі?

- Жалпы, Қазақстанда медициналық көмек 2 пакет бойынша көрсетіледі. Бірі – сақтандыру пакеті, екіншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Яғни, жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі.

Былайша айтқанда, шұғыл көмек еліміздің барлық азаматтарының бәріне бірдей көрсетілуі тиіс. Ол үшін сақтандырылған болу шарт емес. Мысалы, созылмалы сырқатқа шалдыққандар, әлеуметтік-маңызы бар сырқатына байланысты тіркеуде тұрған және динамикалық бақылауға алынған пациенттерге медициналық көмек осы кепілдендірілген көмек пакеті шеңберінде көрсетілуі тиіс.

Соңғы кезде аталған сырқаттармен ауыратын пациенттерге көмек көрсетуден бас тарту фактілері көбейіп кеткені рас. Ондай жағдайда Қордың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы мен 1406 шұғыл желісі арқылы шағымдануға болады.

- Ал, сақтандыру пакетіне қандай қызметтер кіреді?

- МӘМС пакеті – азаматтардың өмір сапасын, ұлт саулығын жақсартуға бағытталған қызметтерден тұрады. Мысалы, науқасқа операция жасау керек болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады.

Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен төленеді. Ал, егер пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, тегін жасалады.

Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне енбеген қызметтер кіреді. Жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат болып келетін консультативтік-диагностикалық көмектің барлық түрлері, оңалту және науқастың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері де сақтандыру пакетіне енгізілген. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін осындай қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс.

- Сақтандырылмаған азаматтар жүйеге қосылу үшін не істеуі керек? Кім қанша төлеуі тиіс?

- Сақтандыру күрделі, бірақ Қазақстанның денсаулық сақтау саласы үшін өте маңызды реформа. Бұл жүйе денсаулық секторын дамытуға, азаматтардың денсаулыққа жұмсайтын жеке шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондықтан елдегі әрбір адам сақтандыру статусын алуға тырысқаны жөн.

Заң бойынша, жұмыс берушілер әр қызметкер үшін өз қалтасынан аударым жасайды. Жұмыс беруші төлейтін аударым мөлшері биыл өзгерген жоқ, қызметкер табысының 2% көлемін аударады (2017 жылдың 1-шілдесінен – 1%; 2018 жылы – 1,5%; 2020 жылы – 2%).

Сонымен қатар, жұмыс беруші аударымға қоса, жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап қорға аударады (былтыр 1%). Бірақ жарна ұсталатын табыс көлемі – 10 ең төменгі жалақыдан (немесе 425 мың теңгеден) немесе 8500 теңгеден аспауы тиіс.

Жеке кәсіпкерлердің жарнасы өзгерген жоқ. Олар бұрынғыша 1,4 ең төменгі жалақының 5%, яғни 2975 теңге төлейді. Сонымен қатар, бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген санат бар. Олар бұрынғыша 1 ең төменгі жалақының 5 процентін, яғни 2125 теңге төлейді. Себебі биыл ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ.

Бірыңғай жиынтық төлем төлеуші 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна аударады. Биыл АЕК мөлшері өзгерді. Сондықтан бұл санат 2917 теңге төлейді, ауылда тұратындар осының жартысын төлейді. Қаржының 40% - Медициналық сақтандыру қорына, 30% – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20% – Әлеуметтік сақтандыру қорына аударылады, 10% – табыс салығы ретінде ұсталады.

- Халық сақтандыруға төлеген төлемдерінің қайда және қалай жұмсалып жатқанын бақылай ала ма?

- Жалпы, Медициналық сақтандыру қорының құрылтайшысы Үкімет. Жарнаны Қор емес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қабылдап, Ұлттық банктегі есеп-шотқа аударады. Клиникалардың халыққа көрсеткен қызметтерінің ақысы Ұлттық банктен тікелей медицина ұйымына аударылады. Яғни, қаражат толық қорғалған деуге болады. Ал, ай сайын төленген сома туралы мәліметті Электронды үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы немесе Телеграм-каналдағы Saqtandyry бот арқылы алуға болады.

- Медициналық сақтандыруға жиналған ақшаны пайдаланбаған азаматтар қажет болған жағдайда қаржыны өз пайдасына шешіп алса бола ма?

- Қазақстан жинақтау жүйесінен бас тартып, ортақ жауапкершілік принципіне негізделген жүйені таңдап алды. Себебі төленетін сақтандыру жарналарының мөлшері көп емес және бір адамның жинақтаған ақшасы медициналық қызметтің негізгі деген түрлерінің ақысын төлеуге де жетпейді.
Қарапайым мысал. Ай сайын 2125 теңге төлеп сақтандырылатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бір жылда 25 500 теңге төлейді.

Егер біз оны өз қаражатына ғана емдейтін болсақ, ақша ештеңеге жетпес еді. Мысалы, пневмонияны емдеуге кететін шығын 100 мың теңге, әйелді босандыру 82 мың теңге, аортокоронарлық шунттау 1,8 млн теңге тұрады.
Егер бізде жинақтау жүйесі болса, азаматтар медициналық қызмет ақысын өзі жинаған қаражаты есебінен төлей алмас еді. Ал, ортақ жауапкершілікке негізделген жүйеде қаржы ортақ шоттан алынады.

Егер сіз дәрігердің көмегіне жүгінбеген болсаңыз, бұл ақша жоғалып кетті дегенді білдірмейді. Ол сіздің жақындарыңызды немесе ауруханада жатқан өзге де отандастарымызды емдеуге жұмсалады.


Жоғары қарай