Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Тіл білімі, Шығыстану және Мемлекет тарихы институттарына жаңа басшылар тағайындалды

2020 жылдың 3 маусым 2020 21:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР БҒМ Ғылым комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымдарында бірқатар кадрлық тағайындаулар болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикалық ғылыми-зерттеу институттары басшыларының бос лауазымдарына кандидатураларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның ұсынымдары негізінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының бұйрығымен:





Анар Фазылжанова – А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры болып тағайындалды. 2018 жылдан бастап Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы қызметін атқарған Анар Фазылжанова филология ғылымдарының кандидаты. Ол А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 22 жыл жұмыс істеп, жетекші ғылыми қызметкерден бастап ғылыми хатшы мен институт директорының орынбасарына дейінгі барлық сатыларынан өткен.

Анар Фазылжанова – интонация, интонология, фонетика, орфоэпия, Тарихи фонетика, лексикография, үштілділік, алфавитті ауыстыру және мемлекеттік тілдің басқа да мәселелері бойынша 200-ден астам ғылыми жарияланымның авторы. Сондай-ақ, латын графикасы негізіндегі қазақ алфавитінің теориялық және практикалық негіздері бойынша видеолекциялардың циклдарын көпшілікке тарату желісінде әзірленген «Дұрыс сөйлейік» (kitap.kz) подкастының авторы.

Анар Мұратқызы – жас ғалымдарға арналған Ғылым мен техника саласындағы сыйлықтың лауреаты және Тұңғыш Президенті Қоры грантының иегері;





Дүкен Мәсімханұлы – Р. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры болып тағайындалды. Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетінің түлегі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы 90-шы жылдардың басында атажүртына оралып, оқытушылық және ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысты.

Дүкен Мәсімханұлы «Қытай туралы қырық сөз», «Қытайша-қазақша үлкен сөздік», үш томдық «Дүкен Мәсімханұлы. Таңдамалы», бес томдық «Қытай әдебиетінен таңдамалы үлгілер» кітаптарының авторы. Д. Мәсімханұлының 300-ден астам ғылыми және әдістемелік жұмыстары шетелдік басылымдарда және еліміздің жетекші басылымдарында жарық көрді;






Еркін Әбіл – Мемлекет тарихы институтының директоры болып тағайындалды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Аманжолұлы өз еңбек жолын оқытушы болып бастаған. Әр жылдары Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыс және шетелдік байланыс жөніндегі проректоры, Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры болып жұмыс істеді.

Еркін Аманжолұлы – 200-ден астам ғылыми басылымдардың, соның ішінде 22 монография, 26 оқулық пен оқу құралдарының, сонымен қатар ISI, Scopus базаларына кіретін журналдарда жарық көрген 7 мақаланың авторы. «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының қызметіне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. 2014 жылы Еркін Әбіл жоғары оқу орнының үздік оқытушысы атанған.


Жоғары қарай