Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Теннис: Зарина Дияс Индиан-Уэллс турнирінің финалына шыға алмады

2019 жылдың 3 наурыз 2019 01:47

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Индиан-Уэллстегі челенджер турнирінің жартылай финалында корт иесі Дженнифер Брэдимен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Америкалық теннисші әлемдік рейтингте 94-орында тұрса, қазақстандық спортшы одан екі-ақ саты төмен еді.

Бірінші партияда Зарина брейк жасап, 2:1 есебімен алға шықты. Алайда Брэди қарымта қайырып, таразы басын теңестіріп, өз геймін де алды - 3:2. Есеп 4:3 болғанда, тағы бір брейк жасады - 5:3. Өзі доп бергенде, З.Диясқа еш мүмкіндік қалдырған жоқ - 6:3.

Екінші партияда З.Дияс бастап доп берді. Ол 0:40-тан есепті теңестіріп барып, өз геймін алды. Есесіне Брэдидің геймінде қос бірдей брейк-пойнтты пайдалана алмады - 1:1. Бұдан кейін қарсыластар тартысты өрбігенімен, өз геймдерін жібермеді. Есеп 3:3 болғанда, Зарина қателік жіберіп, америкалық теннисшінің брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды - 3:4. Ақыры Д.Брэди матчты тағы бір брейкпен бітірді - 6:3.

Бәсеке 1 сағат 34 минутқа созылды.

Америкалық теннисші финалда осы турнирдің бірінші, әлемнің 18-ракеткасы, қытайлық Ван Цян немесе рейтингте 103-сатыдағы швейцариялық Виктория Голубичтің бірімен бас жүлде үшін таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Индиан-Уэллс турнирін сәтті бастап, ширек және жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Тағы бір қазақстандық теннисші, рейтингте 153-орындағы Александр Бублик Франциядағы жарыстың финалына шықты. Ол финалда әлемнің 264-ракеткасы, словакиялық Норберт Гомбошпен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай