Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Теннис: Елена Рыбакина Страсбург турнирінің жартылай финалына шықты

2020 жылдың 24 қыркүйек 2020 17:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Страсбург (Франция) WTA турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда әлемдік рейтингте 40-орында тұрған қытайлық Чжан Шуаймен кездесті.

Бірінші партияда Е.Рыбакина 5:2 есебімен алға кетті. Сол басымдылықты уысынан шығарған жоқ – 6:3.

Екінші сетте де қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты – 2:1. Тағы бір брейк – 4:1. Бұдан кейін қытайлық спортшы брейк жасап, есепті қысқарта алды – 2:4. Дегенмен іле-шала қайыра брейк жасаған Елена есепті 5:2-ге жеткізді. Ақыры ол матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жібермеді – 6:2.

Бәсеке тура бір сағатқа созылды.

Е.Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 84-ракеткасы, жапониялық Нао Хибиномен таласады.

Н.Хибино ширек финалда Ролан Гаррос турнирінің 2017 жылғы жеңімпазы, қазір әлемнің 43-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенконы 7:6 (7:2), 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді. Оның алдында жапониялық спортшы Зарина Диясты да ұтып кеткен болатын. Енді Е. Рыбакина соның есесін қайтара ала ма, оны алдағы ойын көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Д.Попконың Ролан Гаррос турнирі іріктеу сайысының финалына, ал А.Бубликтің Гамбургте ширек финалға өткенін жазған болатынбыз.





Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай