Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Теннис: Андрей Голубев жұптық сында Санкт-Петербург турнирінің жартылай финалына шықты

2021 жылдың 29 қазан 2021 23:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Санкт-Петербург ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, А.Голубев монаколық Хьюго Ниспен бірге ширек финалда мексикалық Сантьяго Гонсалес – аргентиналық Андрес Мольтенимен кездесті.

Бір апта бұрын Гонсалес пен Мольтени Мәскеудегі осындай жарыстың алғашқы айналымында Голубев пен Нисті 5:7, 7:6, 10:7 есебімен жеңген болатын.

Бұл жолы бірінші сет қана тартысты өрбіді. Онда Андрей мен Хьюго тай-брейкте басымдылық танытты – 7:6 (7:4). Екінші партияда бір брейкке қол жеткізген Голубев пен Нис матчты жеңіспен түйіндеді – 6:3.

Қазақстандық-монаколық жұп финалға шығу үшін канадалық Денис Шаповалов – үндістандық Рохан Бопаннамен таласады.

Тағы бір қазақстандық Александр Недовесов украиналық Денис Молчановпен бірге Брест (Франция) челленджер додасының жартылай финалында франциялықтар Садио Думбия – Фабьен Ребульдан ұтылып қалды – 6:7 (12:14), 2:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің елордада халықаралық турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Қазақстандық, 21 жастағы Бейбіт Жукаев ел астанасында канадалық Филип Пеливодан тартысты матчта 7:6 (7:1), 5:7, 2:6 есебімен есе жіберіп, жартылай финалға шыға алмады.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай