Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Теміртауда зиянды шығарындыларды төмендету туралы меморандумға қол қойылды

2019 жылдың 31 қазан 2019 17:13

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқапарт - Парламент Мәжілісі депутаттарының бір тобы Теміртау қаласында болды. Олармен бірге ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің көшпелі отырысында ірі кәсіпорындардың техногендік әсерін төмендету, өндірісті жаңғырту секілді өзекті мәселелер қаралды.

«Біз Теміртауға кездейсоқ келген жоқпыз. Мұнда ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі – «АрселорМиттал Теміртау» жұмыс істейді. Компания қала құраушы кәсіпорын ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны ластаудың негізгі көзі болып табылады. Біздің комитет бейінді министрлікпен бірлесіп осы жерде ластаушы кәсіпорындардың заманауи технологияларға көшу мәселелерін талқылауды шешті», - деді комитет төрағасы Глеб Щегельский.




Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіпке экологиялық таза технологияларды енгізу бойынша міндеттер қойды, деп атап өтті кездесуге қатысушылар.

Өткен жылы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Елбасы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуды тапсырған болатын. Облыс әкімдігі тиісті кешенді жоспарды бекітті. Өңірде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Кеңес құрылды. Билік өкілдері Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығымен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Отырыста облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Кешенді жоспардың орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2023 жылға дейін қоршаған ортаны сауықтыру шараларын жүзеге асыру үшін барлық көздерден 121 млрд теңгеден астам қаржы салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, экология, геология және табиғатты пайдалану министрлігінің ақпараты бойынша, «АрселорМиттал Теміртауға» облыс бойынша зиянды қалдықтардың төрттен бір бөлігі және 80%-дан астамы Теміртауға келеді.

«Компания соңғы алты жылда жалпы сомасы 11 млрд теңгеге табиғат қорғау шараларын жүзеге асырды. Былай қарап отырсақ, бұл сома үлкен және нәтиже болуы тиіс. Алайда ластаушы заттардың шығарындылары тек 13,5 мың тонна шаңға қысқарды, бұл шығарындылардың жалпы көлемінің 6,5%-ын ғана құрайды. Осыған байланысты атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын қысқарту бойынша тұжырымдамалық техникалық шешімдерді қайта қарау қажеттігі туындады», - деді министр.

Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, министрлік пен «АрселорМиттал Теміртау» 2023 жылға дейін эмиссия көлемін бес жыл ішінде 30%-ға төмендету туралы келісті. Отырыста екі жақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

«30% көлем жайдан жай алынған жоқ. Жүргізілген нақты есептеулер. Біз екі ай бойы меморандумды қол қоюға дайындадық. Және де біз оның орындалуын қатаң қадағалап, бақылайтын боламыз. 30% - бұл шекті сан емес. Осының барлығы бетінде жатқан мәселелер. Әлі де төмендеу резервтері бар», - деп түсіндірді министр.

Ол меморандум бойынша компания қалада 500 мың ағаш отырғызуға міндеттенетінін айтты.

Мәжіліс депутаттары сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртауға» барып, өндіріс жұмысымен танысты. Көшпелі отырыс нәтижелері бойынша Комитет мүшелері экологиялық жағдайды жақсартуға байланысты өз ұсынымдарының топтамасын дайындайды.







Жоғары қарай