Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Теміртау ЖЭО-сында қазандықтарды жөндеуге жылына 2,5-3 млрд теңге жұмсалады

2021 жылдың 4 наурыз 2021 01:51

ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Биыл Теміртауда жеке сектор мен әлеуметтік қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Ал тұрмыстық ағынды суларды бұру түйіткілі келесі кезекте шешімін табатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Металлургтер қаласының дамуы туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке Теміртауға жұмыс сапары барысында баяндалды.

Өңір басшысы «АрселорМиттал Теміртау» 2-ЖЭО-ны аралаудан бастады. Ол теміртаулықтардың шағымдары әділ екенін, қаладағы жылу мәселесі жақсартуды талап ететінін атап өтті. Тек осы жылыту кезеңінде ЖЭО-2-де 30 технологиялық істен шығу тіркелді. Бұл, жалпы алғанда 16 күнге температуралық режимнің бұзылуына алып келді. Олардың барлығы жабдықтың тозуына байланысты.

Жеңіс Қасымбекке қазір бес қазандық жұмыс істеп, алтыншы қазандық резервте тұрғаны баяндалды.

«Өкінішке орай, жыл сайынғы жөндеу кәсіпорынның тұрақсыз жұмысының мәселелерін шешпейді. Жыл сайын шамамен 2,5-3 млрд теңге жұмсайсыздар - бұл аз ақша емес, бірақ ешқандай сенімділік жоқ. Сондықтан түбегейлі шешімдер қабылдау керек, атап айтқанда жетінші қазандық салу керек. Бұл жобаны жүзеге асырмайынша жылыту маусымында тұрақтылықты көре алмаймыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

«Жетінші қазандық бойынша жоба инвестициялық келісім бойынша бағдарламаға енгізілді. Құрылысты кешіктірудің негізгі себебі - инвестиция сомасы 42 миллионнан 72 миллион долларға дейін өсті. Бұл ғимарат қазандықты орналастыруға жарамсыз болғандықтан болып отыр. Мен қосымша соманы мақұлдау туралы өтініш бердім. Жауапкершілікті өз мойныма алып, жұмыстардың басталуына тапсырма бердім», - деп облыс басшысына жауап берді «АМТ» бас директоры Бижу Наир.

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбекті коммуналдық сипаттағы тағы бір мәселе - әлеуметтік қалада шаруашылық нәжіс кәрізін салу мәселесі алаңдатты. Теміртау әкімі Қайрат Бегімовтің айтуынша, жобаның құны – 2 млрд теңге. Ақшаның бір бөлігі бөлініп, биыл ауданда су мәселесі шешілетін болады. Су құбыры 1 100 үйге жүргізіледі. Кәріз желілерінің құрылысы мерзімі бойынша келесі жылы аяқталады.

Жеңіс Қасымбек сонымен қатар қалалық құрылыс алаңдарын тексерді. Теміртауда қазір 216 пәтерлік екі жалдамалы үй салынуда. Биыл баспана кезегінде тұрғандар үшін тағы 257 пәтердің құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Теміртауда аула алаңдары салынып қана қоймай, жұмыс істемейтін лифтілер ауыстырылуда. Жоспар бойынша 23 аула мен көтергіштерді ретке келтіру керек.

«Өздеріңіз білетіндей, облыста 360 жұмыс істемейтін лифт бар. Біз алдымызға осы жыл ішінде бәрін жаңарту міндетін қойдық. Теміртауда өткен жылы 32 көтергіш ауыстырылды, бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз», - деп хабарлады Жеңіс Қасымбек тұрғындармен кездесуде.

Жұмыс сапарының соңында қала белсенділерінің шақыруымен облыс әкімі Теміртау қаласы әкімдігінің қолдауымен жергілікті тұрғындар салған мұз айдынында болды. Сондай-ақ қоғамдық көліктерді қарап шықты. Жергілікті автопарк 22 жаңа автобус сатып алды.


Жоғары қарай