Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Телефон қолдану, ішімдік ішу және заңсыз жабдықтау –  ІІМ елдегі автобус қозғалысын тексерді

2020 жылдың 26 қазан 2020 11:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі «Автобус» жедел алдын алу шарасын өткізіп, он мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісін анықтады. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үш күндік рейд барысында автобус жүргізушілерінің 10 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталды. Мас күйінде автобус айдаған 15 жүргізуші тіркелді. Барлық жүргізушілер көлік жүргізу құқығынан айырылатын болады. Жолаушыларды тасымалдау кезінде 1700-ден астам автобус жүргізушісі телефон пайдаланған. 300-ге жуығы жылдамдықты мөлшерден тыс арттырып, айналасына қауіп төндірген. Бұдан басқа еңбек және демалыс режимін бұзудың 43 фактісі, техникалық тексеруден өтпеген, заңсыз қайта жабдықталған бір мыңнан астам автобус, жылдамдықты арттырудың 300-ге жуық фактісі анықталды», - деді Нұрділдә Ораз әлеуметтік желіде өткен онлайн брифингіде.

Шара нәтижесінде автобус парктері басшылары қатарынан 126 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Екі автопарктің лицензиялары тоқтатылды. 292 көлік құралы айыппұл тұрағына қойылды.

Сонымен бірге, ресми өкіл бір аптада жалпы саны 3424 қылмыс тіркелгенін атап өтті. Полицейлердің жедел әрекет етуі нәтижесінде 2198 қылмыс ізі суымай ашылды. Оның ішінде19 адам өлтіру, 38 тонау және 513 ұрлық фактілері әшкере болды.

Бір аптада жалпы саны 209 жол-көлік оқиғасы орын алды, салдарынан өкінішке қарай 40 адам қаза тауып, 235 адам жарақат алды.


Жоғары қарай