Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Таулы Қарабақ: Әзербайжан мен Арменияның СІМ басшылары Мәскеуге барады

2020 жылдың 9 қазан 2020 17:48

ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – Арменияның Сыртқы істер министрі Зограб Мнацаканян әзербайжандық және ресейлік әріптесімен консультация өткізу үшін Мәскеуге барады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің меншікті тілшісі Арменияның СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Арменияның Сыртқы істер министрі Зограб Мнацаканян Мәскеуге барады. Дәл бүгін сол жерде Әзербайжан мен Ресейдің сыртқы саясатына жауапты басшылармен консультация жүргізеді.

«Күн тәртібінде тек әскери әрекеттерді тоқтату мәселелері, жауынгерлердің денесі мен тұтқындарды өзара алмасу бойынша гуманитарлық мәселелер қаралады», - деп хабарлайды Армения СІМ баспасөз хатшысы Анна Нагдалян.

Айта кетерлігі, таяуда тараптардың қақтығысы жайлы РФ президенті Владимир Путин пікір білдірген еді. Ол тараптарды әскери қимылдарды тоқтатып, Әзербайжан мен Арменияның СМ басшыларын 9 қазанда Мәскеуге шақырған еді.

Бүгінгі таңда Әзербайжанның СІМ басшысы Джейхун Байрамов та Мәскеуге барады. «ҚазАқпарат» агенттігінің Бакудағы меншікті тілшісі Бекбай Тайманов бұл туралы Әзербайжанның СІМ-іне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Женевада Әзербайжанның Сыртқы істер министрі Д.Байрамовтың ЕҚЫҰ-ның Минск тобындағы тең төрағасымен кездесуі өткен. ЕҚЫҰ-ның Минск тобындағыларға Бакудың Таулы Қарабақтағы қақтығысты реттеу бойынша позициясы жеткізілген.

Еске салсақ, 27 қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақтағы жағдайдың ушыққаны туралы хабарлаған еді. Көп өтпей ҚР Сыртқы істер министрлігі жағдайға байланысты мәлімдеме таратты.

Одан бөлек Ресей, АҚШ және Франция ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағалары ретінде Женева мен Мәскеуде Таулы Қарабақтағы жағдай бойынша келіссөздер жүргізетіні белгілі болған.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Армения, Әзербайжан,
Жоғары қарай