Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тәуелсіздіктің 30 жылы: Қазақстанның ұйғыр жұртшылығы еліміз жетістіктерін атап өтті

2021 жылдың 7 желтоқсан 2021 18:50

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы өкілдерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесу Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өтті.

«Нәтижелі пікір алмасу болып, өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстанның 1991 жылы Мемлекеттік Егемендік алуы – этносаралық қатынастарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашқаны атап өтілді», - делінген баспасөз хабарламасында.

Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенді мүшелері, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Айта кетейік, ұйғырлардың республикалық мәдени орталығы – Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Қазақстан ұйғырларын біріктіретін жалғыз ұйым.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйғыр этносының туған мәдениетін сақтауға, сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған Қазақстандағы этносаралық келісім қағидаттарын дамытуға жәрдемдеседі. Қазақстан ұйғырлары, әдетте, үштілді. Ана тілінен басқа мемлекеттік қазақ және орыс тілдерін жақсы біледі», - деді іс-шараның модераторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі және ұйғыр республикалық мәдени орталығының төрағасы Шаймардан Нұрымов.




Шаймардан Нұрымов республиканың 15 өңірінде ел ұйғырларының бірыңғай қоғамдық бірлестігіне кіретін этномәдени бірлестіктер жұмыс істейтінін айтты.

Қазақстанда ұйғыр тілінде оқытатын мектептер жұмыс істейді, әлемдегі ең ірі ұйғыр газеттерінің бірі «Ұйғыр авази» шығарылады. Елімізде К.Кожамияров атындағы Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры жұмыс істейді.

«Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан ұйғырларының барлық өңірлік этномәдени бірлестіктерін білдіретін қоғамдық бірлестік ретінде, республикалық мәдени орталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайту жөніндегі сабақтастық саясатын қолдайтынын атап өтті», - делінген ведомство мәліметінде.

Осылайша, Ш.Нұрымов Орталық еліміздегі этносаралық келісімді нығайтуға және дамытуға ықпал ететін республикалық маңызы бар іс-шаралар өткізіп жатқанын айтты.

Мысалы, «Рухани Жаңғыру» аясында Орталық ұйғырлардың мәдени мұрасын сақтау және дамыту бойынша жұмыс жүргізіп, ұйғыр тағамдарының тарихи атауларын жаңғырту бойынша жобаны іске асырады, латын қарпіндегі ұйғыр әліпбиінің нұсқасын жасау мәселесін де бастап, пысықтауда.

Атап өтілгендей шараның маңызды бөлігі «Бейбітшілік пен келісім жолымен» фильмінің тұсаукесері болды. Оның авторы – Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Qazaq TV» телеарнасының директоры Майя Бекбаева. Фильмде еліміздің барлық өңірі бойынша бірегей телевизиялық экспедицияның кадрлары мен тарихы, Қазақстанның полиэтникалық қоғамы тарихының негізгі кезеңдері көрсетілген.

Сонымен қатар, кездесуде «Ұйғыр Авази» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ершат Асматов, Қазақстан ұйғыр жастары одағының төрағасы Рустам Кайрыев баяндама жасады. Олар Тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі Қазақстанның табыстарын, сондай-ақ білімді және бәсекеге қабілетті қазақстандық жастарды қалыптастыру мәселелерін айтып өтті. Сонымен қатар Қазақстан Тәуелсіздігі халыққа конфессияаралық және этносаралық келісім саясатының нақты жетістіктерін сезінуге мүмкіндік бергенін жеткізді.




Қазақстан ұйғырлары – мәдениеті бай түркітілдес этностардың бірі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қазақстандағы ұйғырлардың саны 278 869 адамды құрайды. Олардың басым бөлігі Алматы облысының (160 801 адам) және Алматы қаласының (106 253 адам) аумағында тұрады.


Жоғары қарай