Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Тәуелсіздікті одан әрі нығайту – бәріміздің ең басты міндетіміз – Мәулен Әшімбаев

2021 жылдың 16 желтоқсан 2021 10:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті достар! Баршаңызды елдігіміздің мерейлі белесі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – нағыз еркіндік пен егемендіктің мерекесі.

Біз Тәуелсіздігіміздің осынау тарихи межесін ғасырларға жүк болар зор жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық саясатының арқасында барлық сала жүйелі түрде дамыды. Шекарамыз шегенделді, экономикамыз жүйеленді, сыртқы саясатымыз сындарлы жолға түсті.

Ең бастысы, осы жылдар ішінде мемлекеттілігіміз толық қалыптасты. Төл құндылықтарымыз төрге озып, тарихымыз бен мәдениетіміз дәріптелді. Ана тіліміз ардақталып, діліміз бен дініміз қайта жанданды. Қазақстан бүкіл әлемге татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде танылды.

Елбасының батыл шешімімен Арқа төрінде жаңа астанамызды салдық. Аз уақыттың ішінде бүкіл түркі жұрты үшін киелі де қастерлі мекен – Түркістанды түлеттік. Жалпы 30 жылда еліміздің барлық өңірі өсіп-өркендеді. Мұның бәрі – егемендіктің арқасында қол жеткізген жеңістеріміз бен жетістіктеріміз», - деп жазды М.Әшімбаев Facebook-те.

Сенат Спикерінің айтуынша, Тәуелсіздікті одан әрі нығайту – барша ел халқының басты міндеті.

«Енді осы бағыттан айнымай, Тәуелсіздікті одан әрі нығайту – бәріміздің ең басты міндетіміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сабақтастық пен өрлеуді ту еткен саясаты соны көздейді.

Шын мәнінде, біз үшін Тәуелсіздіктен артық құндылық, одан асқан байлық жоқ. Тәуелсіздік ұлтымызды ұйыстырды, жұртымызды жұмылдырды, абыройымызды асқақтатты. Ендігі міндет – барымызды бағалап, жеңісті жолымызды жалғау. Ол үшін татулығымыз берік, бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болуға тиіс. Осы жолда бәріміз бірлесіп, нәтижелі еңбек ете береміз деп сенемін.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтай отырып, баршаңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Елдігіміз еңселі, егемендігіміз баянды болсын! Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін!

Мейрам құтты болсын!», - деді палата Төрағасы.


Жоғары қарай