Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Тәуелсіздікке 30 жыл: Алматыда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр

2021 жылдың 19 қараша 2021 17:50

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – саяси тұрақтылық пен экономикалық өркендеудің негізі ретінде Н. Назарбаевтың құқықтық моделі» атты халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияға ҚР жоғарғы және жергілікті заң шығарушы, сот және атқарушы билік органдары мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері, қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысып жатыр.

Жиын басында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры ЖансейітТүймебаев құттықтау сөз сөйлеп, конференцияның маңыздылығына тоқталды.
«Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Бұл еліміз үшін – ерекше кезең, тарихи оқиға.Қазақстан қысқа уақыт ішінде үлкен жолдан өтті. Дербес саяси, құқықтық жүйе орнап, дамыған экономика құрылды. Жоғары тиімді қаржы және банк секторы жасақталып, құқық қорғау және сот жүйесі қалыптасты. Қазақстан Республикасының Конституциясы елдік мақсат пен ұлттық құндылықтар айналасында азаматтық қоғам құруға, қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастыруға негіз болды. Қазақстанның мемлекеттік саясаты жалпы адамзаттық тұжырымдарға сәйкес халықтың біртұтастығын қалыптастыруға бағытталды. Тәуелсіздік арқылы ытымақ-бірлігіміздің іргетасы бекіді»,-деді ректор.
Сонымен қатар, ол ел болашағын айқындаған осы игіліктің барлығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында тиімді жүзеге асқанын айтты.
«Ұлт Көшбасшысы өзінің «Тәуел¬сіздік дәуірі» атты кітабында «Мемлекет құру – аса күрделі жасампаз процесс. Біз, сыртқы сын-қатерлер мен сынақтарға қарамастан, өз жолымызбен қарыштап алға басып келеміз.» – деп атап өткен болатын. Бүгінде Елбасы негізін қалаған, Тәуелсіздігіміздің тірегі саналатын Ата заңымыз – мемлекет пен қоғамда орын алған барлық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамудың бастауына, қозғаушы күшіне айналды.Конституциямыздың арқасында әлем Қазақстанды демократиялық, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет ретінде таныды»,- деді Жансейіт Түймебаев.
Конференция барысында қатысушылар Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму үдерістеріне саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық талдау жүргізіп, қоғамның құқықтық жүйесін құру мен дамыту жайын талқылады. Сонымен қатар, жиналғандар еліміздің халықаралық кеңістіктегі рөлі мен адам құқықтарын қорғау жағдайын да ой талқыға салды.
Айта кетсек, шараны өткізуге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ҚР Конституциялық Кеңесі, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Комиссия, «Астана» АХҚО және Сорбонна-Қазақстан Институты мұрындық болды.
Жоғары қарай